12 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларында «Батырлар» фильмі көрсетіледі
Бұл – белгілі әнші-композитор Қапез Байғабылұлы әнге қосқан «Үш Меркінің» орта Меркі жайлауы. «Батырлар» фильмі осы өңірде Тоғызбұлақ ауылының маңында түсірілді. Кинотуындыға арқау болған Жетісу өңірін жоңғар шапқыншылығынан қорғап, жойқын шайқаста ерлігімен тарихта қалған Қарасай, Ағынтай және Мерген батыр өмір сүрген кезең. Мұнда сондай-ақ ел басына туған қилы кезеңдердегі халқымыздың татулығы мен бірлігі баяндалады.
Асқар Ұзабаев, режиссер:
- Материалды тереңірек зерттеп, локацияға қажетті жер іздегенде еліміздің кеңдігі мен әдемілігіне тағы бір көз жеткіздім. Осындай ұланғайыр жерді ұстап тұрған халқымыз шынында да мықты ғой.
Тарихи фильм – қиын жанр. Оған тыңғылықты дайындық қажет. Көрерменге XVII ғасырда болған оқиғаны көркем туынды етіп жеткізу үшін Асқар Ұзабаев көп ізденгенін айтады. Режиссер басты рөлдерге танымал актерлерді емес, жастарды тартыпты. Ал олар: «Өздеріне артқан жауапкершілікті абыроймен алып шығуға тырыстық», – дейді.
Назар Шархан, Қарасай батыр рөліндегі актер:
- Қарасай бабамыздың ерлігін, батылдығын көрсету, бұл да бір еркекке тән іс болып саналады. Осы рөлге барша ынта-жігеріммен, 100% күшімді салдым деп ойлаймын.
Әшім Ахмет, Ағынтай батыр рөліндегі актер:
- Менің бұл жердегі рөлім – арғынның Ағынтай батыры. Тарихта Қарасай батыр мен Ағынтай екеуі дос болған. Екеуі Орбұлақ шайқасында бірге болған, бір жерде жерленген.
Найзаның ұшымен, білектің күшімен елін қорғаған батырлардың кейпінде аз-кем болудың өзі қиын. «Ал ол кісілердің күні бойы зілдей сауытты киіп жүріп соғысуы қаншалықты оңай емес екенін сезіндік», – дейді жас актерлер.
Әшім Ахмет, Ағынтай батыр рөліндегі актер:
- Түсірілім алаңында киімдеріміз әрқайсысы 15-20 келі болды. Ол қазіргі заманның қолымен ыңғайлы қылып жасағанның өзінде 20 келі болады. Ал ол кездегі батырламыздың үстінде әрқайсысы 100 келідей сауытпен жүрген шығар.
Жер жәннаты Жетісудың әсем табиғаты мен ұлы даланың сезімтал халқының ішкі жандүниесі суреттелген фильм 12 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды.
Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов