Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастың проблемалары талқыланды
Бірақ ол қай жерде және қандай? Елордада Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастың қазіргі проблемаларын талқылаған алқалы жиын өтті. Алуан пікір айтылды, ұсыныс та аз болған жоқ. Мысалы ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осы саладағы барлық қоғамдық ұйымды тексеріп шығуды ұсынды.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев елде этносаясат мәселелеріне арналған жаңа ғылыми-зерттеу институты құрылатынын хабарлады. Сенатор Нұртөре Жүсіп: «Конфликтолог мамандарды даярлау қажет», – деп отыр.
Қордайдағы қақтығысқа бүгін тура 20 күн. Осы уақыттан бері тергеу жүргізілді, айыптылар анықталды, зардап шеккендерге қолдау көрсетілді. Салдары ауыр оқиғаның себебі де тарам-тарам. Әлеуметтік проблемалар, жемқорлық, тіл мен дінге де қатыстырды. Бірақ ең бастысы Қордайдағы осы оқиға бізде жүргізіліп жатқан этносаясатта саңылау барын білдіртті. Осы ретте биыл өзінің 25 жылдығын атап өтетін, татулық институты ретінде танылған Ассамблеяның да атына айып таққандар кездесті.
Айдос Сарым, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Қазақ ағайынның арасында «мұны таратып жіберу керек, сонда ғана бақытқа кенелеміз» деген жаңсақ пікір де жоқ емес. Ассамблея құрылған кезде оның міндеті басқа болатын. Осы жылдар ішінде бұл ұйым бірнеше саяси оқиғаға араласты. Бәлкім жаңа заманға сай конституциялық статусы өзгеруі керек шығар деп ойлаймын.
Дауласуға болғанмен, жауласуға болмайды. Депутат Нұртөре Жүсіп ұлтаралық мәселеге келгенде ұзақ сөйледі. Сенатор 8 түрлі ұсыныс тастады. Соның бірі – елдегі жетекші оқу орындарында «Конфликтология» факультетін ашу. Сенатордың айтуынша, спортты да, өнерді де біріктіруші құрал ретінде қолдануға болады.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Халықаралық спорттық жарыстарда Қазақстан халқы бір жұдырықтай бірігіп отырады. Шаршы алаңға Геннадий Головкин шыққанда, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Ольга Шишигина, Серік Сәпиевтер шыққанда, кім олардың ұлты мен руын сұрады? Бізге осындай бірлік пен тұтастық керек.
Депутат этносаралық мәселелерді шешудегі сарапшылар мен саясаттанушылардың жұмысына да көңілі толмайтынын айтты. Олардың әдетте оқиға өтіп кеткен соң ғана дүр ете қалатынын сынады. Зерттеулер қайда, үкіметтік емес ұйымдар не істеп жүр? Сұрақ заңды. Жауап жоқ. Зерттеулер демекші, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Қордайдағы оқиғаның себебі мен салдары осыдан 4 жыл бұрын жүргізілген зерттеулерде де анық байқалғанын айтады.
Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
- Осы жылдың 11-13 ақпан аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты ғылыми-сарапшылар кеңесінің мүшелері Қордай ауданына барып қайтты. Осы аймақта 2016 жылы жүргізілген зерттеулерде көрсетілген проблемалар әлі сақталып қалған екен. Оның ішінде дүнген халқының әлеуметтік-мәдени оқшаулануы, жастардың түрлі мемлекеттік бағдарламалардан алшақтығы, мемлекеттік қызметтегі этникалық теңсіздік, жер және су ресурстарының тапшылығы, контрабанда, құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлық сияқты мәселелер бар.
Қордайдағы оқиға – соңғы 5 жылдағы төртінші ұлтаралық кикілжің. Аз ба, көп пе? Сарапшылар мен саясаттанушылар осындай оқиғалардың бір себебін жергілікті басқарудың осалдығынан көреді. «Бізге халықпен сөйлесе алатын басшылар керек», – дейді Мұрат Әбенов.
Мұрат Әбенов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ вице-президенті:
- Қоғам алдына бара алатын әкімдер керек. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев резервистермен кездескенде бір мәселені айтты, бізге жаңаша жұмыс істей алатын адамдар керектігін сөзге қосты.
Дөңгелек үстел басында үшкір ойлар айтылды. Президенттің көмекшісі талқылау қорытындысы бойынша тағы бір сарапшылар тобы құрылатынын жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары:
- Этносаясатымыздағы ахуалдарды талқылау мақсатында сарапшылар тобын құрамыз. Жүйелейді, басқа да этносясатта мемлекеттік жұмыстар бойынша нақты ұсыныстарды айтады деп жоспарлап отырмыз.
Айтылған сан алуан пікірдің тобықтай түйінін Нұртөре Жүсіптен естідік. Оның айтуынша, барлық мәселеге бірінші кезекте қазақ ұлты жауапты. «Міне, осы ой кез келген Қазақстан азаматының қаперінде тұруы керек», – дейді депутат. Басқаша айтқанда, бетеге кетер, бел қалар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков