ҚР Премьер-Министрі Атырау өңіріне барды
Бірақ ол үшін арнайы тұжырымдама дайындалуы керек.
Осы себепті Атырау өңіріне жұмыс сапармен барып, балықшылармен кездескен Үкімет басшысы Асқар Мамин осылай деді. Премьер-Министр саладағы қордаланған мәселелерді талқылап, жауапты мекемелерге бірқатар тапсырма берді.
Қазақстанның балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құрайды, оның 45 мың тоннасы балық аулау кәсібіне, 7,4 мың тоннасы балық шаруашылығына тиесілі. Сонымен қатар 30 мың тоннасы экспортқа шығарылса, 43,5 мың тонна өнім импортталады. Қазақстанда балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есеге, яғни 800 тоннадан 7 мың тоннаға дейін артты. Елімізде балық өсірумен 180 балық шаруашылығы айналысады, оларда бір мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.
Рашиден Халидуллин, Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры:
- 3,5 млн бекіре шабақтарын шығарып отырмыз. Бұдан басқа артық 100-150 мыңдай табиғат пайдаланушыларына бекіре тұқымдастарын шығарамыз.
Қазақстанда кәсіби балық аулаумен балық шаруашылығының мыңнан астам субъектісі айналысады, оларға 1 646 балық шаруашылығы су айдындары мен олардың учаскелері бекітілген. Аталған салада 11 мың адам жұмыс істейді. Балық аулау негізінен Каспий және Арал теңіздерінде, Балқаш және Зайсан көлдерінде, Бұқтырма, Қапшағай және Шардара су қоймаларында, Алакөл көлдер жүйесінде, Жайық және Қиғаш өзендерінде қолға алынған. Атырауда балық шаруашылығымен айналысатын 19 өндірістік кәсіпорын бар. Олар өткен жылы 13 мың тоннадан астам балық аулап, белгіленген лимитті 85% орындады. Алдағы уақытты бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Өйткені Асқар Мамин жауаптыларға Жайық-Каспий бассейнінде балық аулау мерзімін ұзартуды және түнгі уақытта балық аулауға рұқсат беру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Бақытжан Сермениязов, Түркістан облыстық балық кәсіпорнының өкілі:
- Балықтар азайып бара жатыр. Қазіргі мәселе оны өсіріп, өңдеу болып тұр. Жалпы балықты асырау үшін заң керек. Себебі балық аулау, оны асырау жөнінде нақты заң жоқ.
Балық өнеркәсібі бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Атырауда өндірілген балық өнімдері сапа көрсеткішінде көш бастап тұр. Жайық, Қиғаш балықшылары өндірген тауардың 80% астамы әлемнің 10 мемлекетіне экспортталады. 2019 жылы 9 мың тоннаға жуық балық өнімі шетелге шығарылды. Дегенмен еліміздің балық өнеркәсібінің өркендеуі үшін кешенді бағдарлама қабылдайтын кез жеткен секілді.
Мәрлен Тұрсынәлі, Алматы облыстық балық кәсіпорнының өкілі:
- Балық өсіруді субсидиялау мәселелері, балық өсіру аймақтарын белгілеу, балық шаруашылығына керек тағы дәрі-дәрмек, осы сауалдарды да қозғадым. Сақтандыру туралы да сұрақтар болды.
Атырау балық өнеркәсібін аралаған Премьер-Министр еліміздегі балық өнеркәсібін дамытуға арналған 9 түрлі тапсырма берді. Үкімет басшысы елімізде балық шаруашылығын дамыту үшін жүйелі шаралары қабылдау қажеттігін атап өтіп, биыл 1 сәуірге дейін ҚР Балық шаруашылығын дамыту тұжырымдамасының жобасын дайындауды тапсырды. Сондай-ақ трансшекаралық өзендер мәселесі, ішкі тоғандарды тереңдету жұмыстарын, одан әрі жалғастыру секілді сала үшін өте өзекті проблемалар да қамтылды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев