Хабар телеарнасы

«Батырлар» тарихи фильмі 12 наурыздан бастап кинотеатрларда көрсетіледі

«Батырлар» фильмі – режиссер Асқар Ұзабаевтың тарихи тақырыптағы алғашқы жұмысы. Қазақ пен жоңғар шапқыншылығы кезіндегі оқиғалар суреттелетін туындыда негізгі кейіпкер – Қарасай батыр. Жаугершілік заманында батырды дүниеге әкелген ананың рөлін әлемге танымал актриса Самал Еслямова ойнайды.

Самал Еслямова, актриса:

- Мен 10 жылдай болды елден жырақ, шет мемлекетте тұрып жатырмын. Әрине, өзіміздің тарихымызды суреттейтін фильмге түсуді көптен армандадым. Асқар Ұзабаевтан шақырту алғанымда қатты қуандым. Қарасай батыр сынды тұлғаның анасын ойнау мен үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік.

Қарасай батырдың рөлін жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше актер ойнайды. Ал оның жалынды жастық шағы, қазақ жерінің тұтастығы үшін жаумен жекпе-жек келетін кезеңі актер Назар Шарханға бұйырыпты. «Орта бойлы, шағын денелі маған батырдың рөлін бергенде өзім таңғалдым», – дейді ол. Бірақ режиссер: «Батырдың барлығы алып денелі болуы міндетті емес, ержүрек тұлғаның келбетін көрсету үшін актердің ішкі болмысы мен өткір мінезі болу керек», – деп шешкен. Сондай-ақ ол фильмде көркем сөзден гөрі өмірдегідей қарапайым тілмен сөйлеу мәнерін жөн көріпті.

Назар Шархан, актер:

- Сөйлегенде асыра сілтеп, мимикаларды кеңінен жайып жасайды ғой, ал Асқарға келгенімізде ол бізді сындырды. «Уа, хан ием», – деп сөйлеу маңызды емес, өмірдегідей сөйлегенімізді қалады.

«Батырлар» фильмінің әрбір кадрына ерекше мән берілген», – дейді шығармашылық ұжым өкілдері. Өйткені түсіру жұмыстары басталғанға дейін актерлер екі ай бойы арнайы каскадерлік жаттығулардан өткен.

Назар Шархан, актер:

- Сценарий өте керемет драматургиямен жазылған. Ол жерде атап өтер болсақ, ең басты отансүйгіштік, батылдық, әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас, елге деген сүйіспеншілігі, әйелін сүю, үмітін ақтау, бала-шағасына дұрыс тәлім-тәрбие беру секілді рухани байлықты молынша көрсете білген.

«Батырлар» фильмін киносүйер қауым 12 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларынан көре алады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жакупов