63 мемлекетте коронавирус анықталды
Қазір жаһанда қауіпті кеселі бар 88 571 адам тіркелген. Оның 1951-і вирусты соңғы тәулік ішінде жұқтырып үлгеріпті. Күн сайынғы өсім 2,25% құрайды. ДДСҰ мәліметінше, коронавирус Қытайдан бөлек 58 мемлекетте анықталған. Соңғы тәулікте бұлардың қатарына Әзербайжан, Эквадор, Ирландия, Монако және Катар қосылды. Үкімет қолға алған тиісті шаралардың арқасында болар, Қазақстан аумағында қауіпті кеселді жұқтырғандар тіркелмеді. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүгінгі күні бақылауға 30 мыңнан астам адам алынды. Инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты бақылаудан азаматтардың негізгі бөлігі шығарылды. 6 474 адам әлі де бақылау астында. 6 қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін дене қызуы көтеріліп, жедел респираторлық-вирустық инфекциямен ауырған 186 адам ауруханаға жатқызылды; олардың 166-сы жазылып шықты. Қалған 20 адам стационарда ем алуда. Коронавирустық инфекция диагнозы расталмады.