Коронавирус 5 құрлықтың 60-тан астам елінде анықталған
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жұқпалы індет 5 құрлықтың 60-тан астам елінде анықталған. Соңғы мәліметке сай бұл дертке шалдыққандар Әзербайжан, Эквадор, Ирландия, Монако мен Катарда анықталды.
Әлем бойынша 90 мыңға жуық адамнан COVID-19 вирусы табылған. Әсіресе Оңтүстік Корея, Иран мен Италиядағы ахуал қиын. Жалпы Қытайдан тыс жерде коронавирус белгілері 7 мыңнан астам адамнан анықталды. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореяда кемінде 4200, Жапонияда 200, АҚШ-та 89, Иранда 1500, Францияда 130, Германияда 150, Сингапурда 106, ал Испанияда 86 адам жұқтырған.
Өткен аптада халықаралық ұйым қауіптің ең жоғары деңгейін жариялаған. Індеттің тез тарауы сақтық шараларын күшейтуге мәжбүрлеп отыр. Франция Парижде өтуі тиіс болған жартылай марафонды кейінге қалдырса, Италия елдің солтүстік бөлігіндегі карантинді ұзартты.
Індет әсіресе Еуропада тез таралып барады. Италияда дертке шалдыққандар саны 1,5 мыңнан асты. 34-і көз жұмған. Осы ретте Ломбардия мен Венето провинцияларындағы карантин мерзімі 15 наурызға дейін ұзартылып отыр. Мектептер жабық. Ауқымды іс-шаралар кейінге қалдырылған. Венеция карнавалы да жоспарланғаннан екі күн бұрын аяқталып қалды. Бұл ел COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны бойынша Қытай мен Оңтүстік Кореядан кейін тұр. Мұны ескерген кәрі құрлық елдері сақтық қамына кірісіп кетті. Кей мемлекеттер өз азаматтарына Италияның солтүстігіне бармауға кеңес беруде. Ал америкалық әуе компаниялар осы аймаққа ұшатын рейстерін тоқтатты.
Бүгін жұқпалы індеттен АҚШ-та тағы бір адамның қайтыс болғаны хабарланды. 70 жастағы Киркланд тұрғыны – COVID-19-дың екінші құрбаны. Бұған дейін Вашингтон штатында 50 жастағы науқас көз жұмып, аймақта төтенше жағдай жарияланған еді. Сонымен қатар ауру белгілері Нью-Йорк қаласының тұрғынында да анықталды. Жалпы АҚШ-та жұмбақ инфекция 89 адамнан табылған.
Иран адам шығыны бойынша Қытайдан кейін ІІ орында тұр. Дерттен бұл елде кемінде 66 адам көз жұмды. Жұқтырғандар саны 1,5 мыңнан асады. Арасында Иран президентінің әйелдер және отбасы ісі жөніндегі орынбасары, денсаулық сақтау министрінің орынбасары және бірнеше парламент депутаты бар.
Сарбас Назари, журналист:
- Ресми мәлімет бойынша кемінде 175 адам емделіп, ауруханадан шығарылды. Қазір коронавирус барлық провинцияға жеткен. Елдің солтүстігіндегі Рашт қаласында жалғыз әуежай жабылды. Кей өңірлердегі ауруханаларда орындар мен медициналық жабдықтар тапшы.
Осы елмен көршілес Арменияда коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді. Қатерлі дертке шалдыққан – 29 жастағы Армения азаматы. Ол жуырда Тегераннан оралған. Өткен аптада Армения билігі Иранмен арадағы шекараны жауып, әуе қатынасын ішінара тоқтатты.
Ал Оңтүстік Кореяда соңғы тәулікте тағы 500-дей адам коронавирус жұқтырып, індетке шалдыққандар саны 4 мыңнан асты. Тағы 4 тұрғын қайтыс болды. Билік қауіптің ең жоғары қызыл деңгейін жариялап, тұрғындарға көшеге шықпауға кеңес беруде. Қазір қоғамдық орындарда дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дертпен күреске әскери дәрігерлер де жұмылдырылған.
Ким Тэ Хон, студент:
- Шынымды айтсам, қазіргі жағдай қатты алаңдатады. Үйіме жақын жердегі ауданда бір адамның дертке шалдыққанын естідім. Мүмкін көшеде мен оның қасынан өткен де шығармын. Көшеге шығуға қорқатын болдым.
COVID-19 вирусының кесірінен Франциядағы Лувр мұражайы жабылды. Қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Жергілікті билік елде 5 мың адам жиналатын барлық қоғамдық іс-шараны кейінге шегеріп, ғимараттарды жабу туралы шешім қабылдаған. Жалпы қазір елде 130-дан астам адам вирус жұқтырған. Екеуі осы дерттен көз жұмды.
Авторлары: Меруерт Жақан, Дулат Ентебеков