Хабар телеарнасы

Елімізде оқушылар демалысқа шығады, студенттер қашықтықтан оқиды

Сондай-ақ спорттық және мәдени шаралар тоқтатылады. Мұның бәрі коронавирустың алдын алу мақсатында қабылданды. Сонымен тиісті шаралар қашан қолға алынады?

Сонымен сақтық үшін келесідей шаралар қолға алынатын болды. Адамдар көп жиналатын спорттық-мәдени шаралар тоқтатылады. Оның ішінде Наурыз мейрамы да бар. Одан бөлек, қоғамдық көліктерде, адам көп жиналатын жерлерде міндетті дезинфекция жүргізіледі. Алдын ала жоспарланып қойылған спорт матчтары көрерменсіз өтеді. Кинотеатрлар уақытша жабылады. 16 наурыз – 5 сәуір аралығында ауыл не қалалық жерде екеніне қарамастан барлық оқушы демалысқа жіберіледі. Ал студенттер қашықтықтан оқуға көшеді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Қашықтықтан оқыту деген жаңадан шыққан мәселе емес. Бізде көп университет алдыңғы жылдан бастап осы жүйеге көшкен болатын. Сондықтан бұл жалпы бізде істеп тұрған жүйе болып саналады.

Шілдехана, қыз ұзату, үйлену т.б. жалпы тойдың бәрін өткізуді тоқтау немесе кейінге ауыстыру ұсынылды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Өзінің ғана емес, айналасындағы келетін азаматтардың өміріне де қауіпті жағдай тудыруы мүмкін. Осы жағын ойластыратын болса, біздің азаматтар бұл қабылдап отырған шешімдерді түсінеді деп ойлаймын.

Сақтық шаралары үшін шетелдік әуе рейстері тағы да айтарлықтай қысқартылды. Бұған дейін орташа есеппен аптасына 4-5 рет қатынаған Франкфурт, Лондон, Амстердам, Прага бағыттарына 1-2 рейстен қалдырылды. Түркияға қатысты рейстер ең көп қысқартылды. Мысалы, Нұр-Сұлтан – Стамбул 13 рейстен 7-ге, ал Алматы – Стамбул бағытында 17-ден 10 рейс қалады.

Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

- Барлық авиакомпания билеттердің ақшасын қайтарып береді. Ал егер де басқа уақытқа ауыстырамыз десе, ондай мүмкіндік толығымен жасалады.

Биыл Шымкент «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанды. 20 наурызға жоспарланған ашылу шарасы кейінге шегерілді. Оған шетелден 18 мыңнан аса қонақ келуі тиіс еді.

Алмасбек Мамытбеков, қала әкімінің орынбасары:

- Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған шаралары да тоқталатын болады. Шетелдік қонақтар шақырылған үлкен мәдени шараның тоқтатылғанынан үрей туғызудың ешқандай қажеті жоқ. Бұл жүргізіліпп жатқан жұмыстар алдын алу шаралары болып саналады.

Мұның бәрі не үшін жасалуда? Әлемде коронавирус шыққалы Қазақстанға жұмыс, оқу, іскерлік т.б. мақсатпен сыртта жүрген бір млн-нан астам адам келіпті. Олардың бірқатары қауіптілігі жоғары елдерде болған. Осыған байланысты қазір 4 мыңнан астам адам аурханада және үй карантинінде жатыр. Олардан алынған сынама бойынша жағдай тұрақты.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазіргі уақытта біздің елімізде ешкімде коронавирус анықталған жоқ. Яғни бізде күнделікті тесттер өткізіледі. Бірақ ешкімде ондай нәтиже жоқ. Тек ресми ақпаратқа сенулеріңізді сұраймыз. Денсаулық сақтау министрлігінің парақшасында барлық мәлімет бар. Сондай-ақ толық ақпаратты алуға болатын арнайы Call-орталық ашылды.

Ал індеттің бар жоғын анықтау үшін Қазақстан үш түрлі тест қолданады. Біреуі өзіміздің өнім, қалғаны сырттан әкелінген. Қазір қорда 10 мың тест бар. Елжан Біртановтың айтуынша, одан бөлек тағы 60 мың дана тестке тапсырыс берілген.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев