Балабақшаларда сақтық шаралары күшейтіліп жатыр
Мектеп оқушылары мерзімінен бұрын каникулға кетті, студенттерді қашықтықтан оқыту туралы шешім қабылданды.
Бірақ бұл жағдайдың балабақшаларға еш қатысы жоқ. Ал ондағы санитарлық талап қаншалықты сақталып жатыр?
Шынар Асанқызы, тілші:
- Мен қазір балабақшаға тілші емес, ата-ана ретінде қызымды әкеле жатырмын. Балабақша басшылығы осыдан бірнеше күн бұрын маскасыз балабақша ішіне кіруге болмайтындығын қатаң ескерткен болатын. Қазір табалдырықтан аттамас бұрын міндетті түрде масканың бар-жоғын тексеріп тұрады. Тәртіпке бағынған дұрыс. Сондықтан киіп алу керек.
Қаладағы балабақшалардың бәрі күшейтілген санитарлық режимде жұмыс істеп жатыр. Ғимарат іші екі сағат сайын жуылып, тазартылады.
Ақнұр Қайрат, тәрбиеші:
- Ата-аналардан балаларды қабылдап алған кезде ең алдымен антисептик арқылы қолын тазалап алады, сосын баланың қызуын термометр арқылы өлшеп, күнделікті осы дәптерге енгізіп отырамыз. Содан кейін бала сырт киімін шешкеннен кейін қолын антибактериалды сабынмен жууын қадағалаймыз. Сондай-ақ тек қана ас ішердің алдында және дәрумендер қабылдаған кезде, серуеннен кірген кезде қолын сабынмен жууын қадағалаймыз.
Сақтық шаралары қанша күшейтілсе де, балабақшада бала саны сиреп қалғаны көрініп тұр. Көбінің ата-анасы төтенше жағдайдың мерзімі аяқталғанша келмейтінін айтып, арыз жазыпты.
Зариякүл Иманбаева, балабақша меңгірушісі:
- 13 наурыз күні балабақшада 200-ге жуық бала болған. Бүгін 106 бала ғана келді. Бала саны азайды. Әр ата-анамен біздің тәрбиешілер байланыста отыр.
Ал Талдықорғандағы 67 балабақша мен шағын орталыққа 7,5 мыңдай бала келеді. Бірақ соңғы бескүндікте олардың да саны 63% күрт кеміген. Бірақ мектепке дейінгі бір де бір мекеме жұмысын тоқтатқан жоқ. «Сақтық шараларына бөлінген бетперде мен антисептик құралдардың қоры 3 айға жетеді», – деп отыр.
Сәуле Қасымбаева, балабақша медбикесі:
- Кварц қойдырып жатырмыз. серуенге жиі шығамыз. Ата-аналарға міндетті түрде қонаққа баруды доғарып, көпшілікке көп шықпауды қадағалап айтып отырмыз.
Елде болып жатқан соңғы ахуалдан бала екеш баланың да хабары бар. Коронавирустың қаупін жете түсіне қоймас, бірақ тазалық сақтаған адамнан аурудың айналып өтерін олар да біледі.
Арай Ғалымжанқызы, балабақша тәрбиеленушісі:
- Қолымызды көп жуу керек, жемістерді жуып жеу керек. Осылай менің анам айтты. Тазалықты сақтау керек. Егер қолымызды жумасақ, бала ауырып қалады.
Айтпақшы, елде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты енді кейбір балабақшалар балаларды қабылдап алудың жаңа тәртібіне көшпекші.
Алтынай Зарлыққызы, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Ата-аналардың балабақшаға келіп кіріп-шығуына уақытша шектеу қойылды. Балаларды сырттан қабылдап, кешке қайтар кезде де сырттан табыстайды. Соны да қолға алдық.
Ал Мемлекет басшысы штабтың шұғыл жиынында баласы бар қызметкерлерді ақылы демалысқа жіберу мәселесін көтерген. Жұмыс берушілерден осыны қарастыруды тапсырған.
Бірақ әзірге балабақшалар карантинге жабылмайды. Жалғыз бала келсе де жұмысын жалғастыра береді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Бекболат Базаров