Ақтөбелік ұстаз онлайн дәріс беріп жатыр
Ақтөбелік ұстаз Ғалымжан Төлеуішев Назарбаев Зияткерлік мектебінде еңбек етеді. Бұған дейін ол жоғарғы сыныптарды жауапты емтихандарға бейнетаспа арқылы даярлаған болатын. Енді бұл тәжірибесі күнделікті сабақ үшін де пайдалы болып тұр.
Ғалымжан Төлеуішов мұндай дәрістерді өзінің интернеттегі парақшасында жиі өткізіп тұрады. Себебі кез келген көрермен теориялық біліммен қатар түрлі химиялық тәжірибені тамашалағанды ұнататыны белгілі. Алғашында оқушыларға қосымша ақпарат болсын деген бастама қазір көпшіліктің көңілінен шыққан. Оның себебін мұғалім химия пәнін қазақ тілінде жетік түсіндіретін ақпараттық арналардың аздығымен түсіндіреді.
Ғалымжан Төлеуішев, химия пәнінің мұғалімі:
- Менің оқушыларымның саны қазір елу шақты шығар. Қалғанының барлығы шеттен келген. Көбіне соңғы кезде оқушылардан сұраныс түсіп жатады. 11-сынып оқушылары сіресе ҰБТ бойынша бейне сұрайды. Арасында соларға қатысты да видео түсіріп, каналыма саламын.
Жас ұстаз оқушылар демалысқа кеткен уақытын пайдаланып, кезекті видео-дәрістерін түсіруге кіріскен. Алдағы 3 ай ішінде 8-сыныптың кестелік тақырыптарын шығаруды жоспарлап отыр. Себебі қашықтықтан білім беру қажеттігі туған сәтте интернет таптырмас көмекші.
Ғалымжан Төлеуішев, химия пәнінің мұғалімі:
- Енді келесі тоқсанда біз көміртегі бойынша тақырыптар өтеміз. Соған қатысты видеолар түсірейін деп отырмын.
Сондықтан жас педагогтің интернет парақшасындағы мыңға жуық көрермені үшін 8-сынып тақырыбын терең игеруге мүмкіндік туындайды. Күнделікті онлайн байланысқа шығу арқылы оқушылардың сұрақтарына да жауап беруге дайын.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков