Бетперденің сан алуан түрі шыға бастады
Дәріханада сатылатын түрлерінен бөлек, нарықта сәнді маскалар да пайда бола бастады. Әсіресе жастар арасында бұл да бір үлкен сәнге айналып бара жатқанға ұқсайды. Әлемде қазір түрлі трендтер шығару таңсық болмай кетті. Ал әзірге елімізде де сәнді бетперделерді тігіп кәсіп қылушылар да табылып жатыр.
Жаһанды жаулаған вирус сән әлеміне де әсер етті. Әсіресе хош иісті әтірлер мен сәнді бетпердеге деген сұраныс артып келеді. Олар сан түрлі матадан, бағалы аң терісі мен былғарыдан жасалып, түрлі әшекей бұйымдармен безендіріліп сатылуда. Ал кейбір компаниялар осындай кезде өздерін жарнамалап қалуды да ұмытпапты. Алматылық Альбина Қанатова мынадай бет перделерді үйде отырып-ақ тігеді. Ең бастысы ол тыныс алуға ыңғайлы болу керек. Негізінен мақтадан жасалған маталар таңдалады. Қазір оның бұйымдарына тапсырыс берушілер көбейіпті.
Альбина Қанатова, кәсіпкер:
- Біз бірнеше сатып алушы мекемемен келісөз жүргізіп жатырмыз. Бірақ бұл маскалардың ешқандай бактерияға қарсы қасиеті жоқ. Яғни вирустан қорғамайды. Десе де ол адам көп жиналған орындарға барғанда киюге жарамды деп ойлаймын.
Ал Виктория Артамонова болса, балаларға арналған бетперделерді әшекейлейді. Дәріханада сатылатын маскалар балаларға үлкен. Сондықтан ол бетпердені матадан тігуді ойластырған. Алушыларға оны тағып болған соң жуып-шайып, үтіктеуге кеңес береді.
Виктория Артамонова, дизайнер:
- Сұраныс бар. Басқа облыстардан да хабарласады. Қазір қара түсті бетперде кию сәнге айналып келеді. Ал балаларға түрлі-түстілерін сұрайды.
Эпидемиолог мамандар сәнді бетперделерді таққаннан тұмау жұқпайды деген түсініктің қате екенін айтады. Тіпті медициналық маскалар да белгілі бір уақыттан соң жарамсыз болып қалады.
Сәкен Әміреев, медицина ғылымдарының докторы:
- Оның сақтау қасиеті 3 сағаттан артық болмайды. Оны ауыстырып тұру керек. Кейбіреулер оны 1-2 күн киеді. Ол да түсінбеушілік. Бірақ енді қазір табылмай жатыр. Оны жалпылай алып келіп бизнеске айналдырған көрінеді.
Қолдан тігілген сәнді бетперделердің бағасы 400-1500 теңге аралығында. Ал дәріханаларда медициналық бетперделер тапшы. Сондықтан қала тұрғындары осылай амалдауда.
Авторлары: Алмас Садуақас, Гүлбану Жұмабай, Нұрдәулет Жақсыбаев, Радик Жақыпов