Қарағандыда COVID-19 жұқтырғандардың саны 4 адамға жетті
Сырқат жұқтырғандар қайдан келген, қазір науқастардың жағдайы қалай? Науқастардың вирусты қайдан жұқтырғаны белгілі ме?
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
- Мәлім болғандай бұл жолғы екі науқас та осы айдың 18-і күні Франция мемлекетінен келіпті. Біз олардың туыстық қатынасы өте жақын, яғни анасы мен қызы екенін білдік. Франция елінде білім алып жатқан перзентіне барған келіншек оны елге алып келген. Сәйкесінше бірден карантинге жатқызылған. Алынған сынамалар екеуінің де қанында COVID-19 вирусы бар екенін көрсеткен.
Ержан Нұрлыбаев, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Олар Қарағандыға келген бетте оқшауланып, госпитальге жатқызылды. Ауру белгілері біліне бастаған кезде вирусологиялық сынама алынып, күдік расталды. Қазір екеуінің де жағдайы тұрақты.
«Қарағанды облысы да карантинге жабылуы мүмкін» деген сөз желдей есіп тұр. Ресми ақпарат не дейді?
Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:
- Қарағанды облысында сақтық шаралары күшейтілгенімен, карантинге жабылмайды. Себебі COVID-19-ды жұқтырған төрт адам да өзге мемлекеттен келген. Олар Қарағандыға қонған бетте оқшауланған. Облыстың бас дәрігері: «Ауру ошағы Қарағандыда емес, сондықтан карантин жариялауға негіз жоқ», – дейді. Сондай-ақ ол осыған дейін де ауру жұқтырған екі адамның денсаулығы қалыпты екенін жеткізді. Облыста қазір 314 адам карантинде. 152 адам үй бақылауында.