Ауыл-аймақтағы азаматтар індетке атүсті қарап отыр
Қазір онымен байланыста болған азаматтар дәрігерлердің бақылауына алынды. Маңғыстаулық қоғам белсенділері болса, халықтың вирусқа немқұрайлы қарап жүргенін айтып, дабыл қағуда. Тұрғындар карантинді демалыспен шатастырып алғанға ұқсайды. Той тойлап, көрісіп жүргендер әлі бар. Алайда мамандар сақтық шараларын сақтамаудың соңы қайғылы жағдайға әкеліп тіреуі мүмкін екенін айтады. Коронавирус – адамды ажал құштыратын инфекция. «Сақтанудың ең тиімді жолы – үйде отыру», – дейді дәрігерлер.
Жақсыгүл Маханбетова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Әлеуметтік желіге қарасақ, өңіріміз әлі де қамсыз жатыр. «Келін түсіріп жатырмыз. Қызымызға сырға салып келді. Көрісіп барып жатырмыз, туған күн тойлаудамыз» деген қуаныштарымен бөлісіп жатыр. 13 наурыздан бастап әлеуметтік желіде осындай мәліметтерді көргеннен кейін күнделікті пост жариялаймын. Мұндай індетпен ойнауға болмайды. Сақтық шараларын ұстануымыз керек.
Расында елімізде той тойлап жүргендер әлі бар. Оны әлеуметтік желіде күнде жарияланып жатқан бейнежазбалардан көруге болады. Халыққа ондаған адамды жинаудың қауіпті екенін түсіндіру үшін аймақ басшылары, мәслихат депутаттары, құзырлы орган өкілдері күн сайын адам көп жүретін орындарға рейдке шығуда. Топ мүшелері тұрғындарды сақтық шараларын сақтап, індеттің алдын алуға шақыруда.
Аббат Өрісбаев, облыстық мәслихат депутаты:
- Еуропаның кейбір мемлекетін, Американы қарайтын болсақ, қазір осы індеттің өсуіне куә болып тұрмыз. Оның бәрі халқының, азаматтарының немқұрайлы қарағанынан болып отыр. «Осы менен аттап кетеді, маған жұқпайды»деген қатынаспен қарайтындардың саны көбейіп жатыр. Тек қана әкімдік немесе басшылықтардың жұмысы деп қабылдамай, халық өзі күресу керек. Қоғам болып бірігіп күреспесек, күрестің нәтижесі төмен болады. Осы үндеуді салып, отандастарымды, жерлестерімді шақырамын. Ұялмайық, шаршамайық, себебі алда елдің болашағы тұр, ұрпағымыздың тағдыры тұр.
COVID-19 инфекциясы өзге вирустарға қарағанда өте тез жұғады. «Ең қауіптісі сен тек тасымалдаушы ғана болуың мүмкін. Осылайша отбасыңа, жақындарыңа індет жұқтырасың. Сондықтан да көпшілік ортаға бармай, үйде отырған абзал»,– дейді Ақтаудың бас санитар дәрігері.
Асима Жұмабайқызы, Тауар, көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:
- Біздің аймақ тұрғындары әлі той тойлап жүр. Тойды қоя тұру керек. Облыста «коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ»деген сөз ол «қауіп жоқ»дегенді білдірмейді. Сақтану керек. Жиынға барған 50, 100 адам бір мезетте вирус жұқтыруы мүмкін. Бұл – өмір мен өлімнің мәселесі. Абай болайық!
Тоғыз жолдың торабында орналасқан аймаққа соңғы күндері шетелден 100-ден астам ел азаматы келді. Қазір барлығы карантинде жатыр. Барлық жерде індетке қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Халық көп жүретін маңызды орындар түгел дезинфекцияланып жатыр.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев