Қазақстанда COVID-19-ды онлайн диагностикалау қызметі 3 тілде іске қосылды
Қызметтің бұл түрі – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлескен жұмысының нәтижесі.
Коронавирустың белгілерін анықтау бойынша өзін-өзі онлайн диагностикалау қызметі eGov mobile қосымшасының басты бетінде «COVID-19 белгілері бойынша сауалнама» атауымен жеке батырма ретінде орналасқан. Қызмет үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) қолжетімді. Сауалнаманы толтыру үшін азаматтар 12 сұраққа иә/жоқ деп жауап береді. Қажет болған жағдайда жеке ақпараттарды енгізеді. Толтырып болғаннан кейін «Сауалнаманы жіберу» батырмасын басу керек.
Ақпарат әрі қарай өңдеуден өту үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне түседі. Сонымен қатар азаматтар eGov mobile арқылы «COVID-19 картасы», «COVID-19 туралы FAQ» қызметтерінен коронавирус туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап ала алады. Сондай-ақ мобильді қосымша нақты уақыт режимінде Қазақстан аумағындағы вирустың таралу жағдайы мен індеті расталғандармен қатынаста болғандар жайлы өзекті ақпараттарды ұсынады.