Қарағандыға барған қытайлық дәрігерлер науқастарды емдеудегі олқылықтарды атады
3 күндік кездесу аясында науқастармен онлайн режимде тілдесу жоспарланған. 10-ға жуық маманның ішінде Уханьдағы ахуалдың бел ортасында жүріп жұмыс істегендер де бар. Сапар аясында шетелдік дәрігерлер Қарағандыда жақын арада ашылатын тек COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған 120 орындық аурухананы да аралап көрмек. Алғашқы күннің өзінде қытайлық мамандар бірқатар олқылық байқағанын айтады.
Лу Чэнь, нефролог дәрігер /ҚХР/:
- Қазақстанның науқастарды емдеу тәсілі халықаралық стандарттарға сай. Біз тек бірқатар олқылық аңғардық. Атап айтсақ, науқастарды қабылдау бір ғана дәліз бойынша жүргізілген. Негізінде екі дәліз болғаны дұрыс. Біріншісі дәрігерлерге арналса, екіншісі келушілер үшін. Осыдан 2-3 ай бұрын ауру алғаш тап бергенде Қытай да осы кемшіліктерге жол берген болатын. Кейін кезең-кезеңмен олқылықтың орнын толтырдық. Аурумен арпалыста емдеуден гөрі алдын алған маңызды. Сондықтан тұрғындардың тәртіпке бағынып, оқшауланғандары дұрыс.