Ауыл кәсіпкерлеріне несиені өтеуге жеңілдіктер беріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры («ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы) төтенше жағдай кезінде бизнес иелерінің несие жүктемесін жеңілдету бағытында бірқатар шараны жүзеге асыруда.
2020 жылғы 16 наурыздан 15 маусымға дейінгі кезеңде төлемдерді кейінге қалдыру үшін қарыз алушысы қорға қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттармен қоса, өтініш жазуы керек. Өтінішті шаруалар электрондық пошта немесе мессенджер арқылы жібере алады. Жеті жұмыс күні ішінде қор өтінімді қарап, жауап береді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметі.
Ауыл кәсіпкерлеріне несиені өтеуге жеңілдіктер беріледі. Төлемді уақытша тоқтата тұру клиенттің несие тарихына кері әсер етпейді. Бүгінде қор филиалдарына қаржылық жағдайларының нашарлауына байланысты мыңнан аса өтініш келіп түсті. Оның ішіндегі жалпы сомасы 240 млн теңге болатын 582 өтініш мақұлданды. Қалған өтініштер қаралуда.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында несиелеу жұмыстарын жалғастырады. Ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес бағыттары қаржыландырылады.
Атап айтқанда, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауға және кәсіпкерліктің басқа да түрлеріне несие беріледі. Несиенің жылдық мөлшері 6%, тиімді сыйақы мөлшері 6,7% аспайды. Несие мерзімі 6,5 жылға дейін болады. Екі жылға дейін жеңілдік мерзімі бар, одан кейін негізгі қарыз қайтарылады. Қор кәсіпкерлерге ыңғайлы кепілдік саясатын ұсынады. Яғни несие алушы ауылдық жерлердегі жылжитын және жылжымайтын мүлігін кепілдікке қоя алады.