Қытай дәрігерлер делегациясы Қарағандыдағы инфекциялық госпитальге барды
Сапар барысында сарапшылар аурухананың дайындығына, аймақтарды бөлу жүйесіне, сондай-ақ қызметкерлерге арналған палаталар мен бөлмелерге баға берді. Қытайлық мамандар іске асырылған жобаны мақұлдады және болашақ көпбейінді инфекциялық госпитальдің жұмысы бойынша өз ұсыныстарын берді.
Түстен кейін екі онлайн сессия өтті. Алғашқы бейнеконференциялық байланыста (БКБ) карантин жағдайындағы емханалар жұмысының ерекшеліктері, атап айтқанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметі халыққа қалай көрсетілетіні, медицина қызметкерлерінің іс-әрекет алгоритмі, аймақтарды бөлу жұмысын ұйымдастыру, дезинфекциялау әдістері және тағы басқалары жөнінде баяндама жасалды.
Сондай-ақ коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге тартылған дәрігерлермен бірге бейнеконференциялық байланыс өтті. Екі елдің дәрігерлері коронавирустық инфекцияның екі ауыр жағдайын талқылады. Қытайлық сарапшылар бұл жағдайларды бірқатар себепке байланысты ерекше қиын деп бағалады. Соған қарамастан, олар дәрігерлердің іс-әрекеттерінің дұрыстығын растады және осы науқастарды емдеу бойынша қосымша ұсыныстар берді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы қытайлық сарапшылардың бес күндік қарқынды жұмысының қорытындылары бойынша ағымдағы жағдайды талқылау және қытайлық мамандардың ұсыныстары нәтижесінде COVID-19 диагностикасы мен оны емдеу бойынша ұлттық хаттаманың 6-редакциясы қабылданып, бекітілді. Қазақстан Республикасы бас санитариялық дәрігерінің коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл шаралары бойынша қаулысына бірқатар нақтылау мен толықтыру енгізілді.