Талдықорғанда медициналық бетперде тігетін жаңа цех ашылды
Болашақта өндірістік қуатты бір миллионға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жергілікті өнім жақында облыс орталығы мен қала іргесіндегі елді мекендерде орналасқан дәріханаларға да жеткізіле бастайды. Цех жаңадан ашылғанымен, қазірдің өзінде жарты жылға жететін тапсырыс түскен. Мұнда күніне 30 мың дана бетперде тігіледі. Болашақта бұл көлем еселеп артады.
Жарылқасын Болатұлы, кәсіпкер:
- Қазірдің өзінде осы цехта екі айдай жұмыс істеп, 2 миллиондай маска тігіп жатырмыз. Кеше, бүгін менімен басқа компаниялар сөйлесіп жатыр. Талдықорғанның дәріханалары да байланысқа шықты. Дәріханалармен қазір келісім жүргізілуде. Талдықорғандағы ұйымдар осы ауданды бірінше жеткізу қызметімен қамтамасыз етеміз. Содан кейін басқа облыстарға жеткізуді бастаймыз.
Бастапқыда бұл цех арнайы киім үлгілерін тігумен айналысу мақсатында құрылған еді. Бетперде жетіспеушілігіне байланысты жеке қорғаныш заттарын шығаруға көшті. Қазір мұнда 50 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңа жабдықтар алынған соң тағы 30 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Текелі қаласынан да филиал ашу жоспарланып отыр. Онда 40 шақты тігінші жұмысқа алынады.
Вера Гатько, цех меңгерушісі:
- Қазіргі жағдай көптеген кәсіпорынның жұмысына тежеу болып отырғанын білесіздер. Ал біз жаңа жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Тіпті іс тіге алмайтын адамдарды да қабылдадық. Оларды өзіміз үйретіп аламыз.
Айнагүл Басабиқызы, тігінші:
- Колледжде тігінші шебері болып істеймін. Коронавирусқа қарсы бәрі жабылды. Жұмыссыз отырғаннан кейін келіп, жұмыс жасап, маска тігіп жатырмын. Мұнда барлық жағдай жасалған. Тамағымыз тегін. Цех басшылығы қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен де айналыспақ. Олар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға медициналық бетперде үлестірумен қатар азық-түлікпен де қамтамасыз ететін болады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов