Қазақстандық IT-мамандар да жаhандық індетпен күресуге өз үлесін қосып жүр
Мәселен, созылмалы дертпен күресетін эпидемиологтарға арналған арнайы бағдарлама іске қосылған. Пандемиямен күресу мақсатында эпидемиологтар үшін арнайы жоба іске қосылды. Бұл жүйеде індетті жұқтырған және байланыста болған азаматтар жайлы толық ақпарат жүктелген. Мысалы, ұшақпен ұшсаңыз, қасыңызда кім отырғандығы және оның денсаулығы жөнінде мәліметтер ортақ базаға сақталады. 100-ден аса маман осы бағдарлама арқылы жұмыс істейді.
Дагар Давлетов, бағдарламалау мектебінің басқарма төрағасы:
– Әлемдік тәжірибеге жүгінетін уақыт та болмады. Біз қолдан келгенше жүйені тезірек іске қостық. Қазір бұл бағдарламаны ашық түрде пайдалануға болады. Егер басқа елдерден жүйені қолдануға ұсыныс түссе, біз олармен тегін бөлісе аламыз.
IT саласының еріктілері: «Бұл жобадан пайда табуды көздемейміз», – дейді. «Бар болғаны жаңа бағдарлама жаhандық індетпен күресте үлес қосса, жетерлік», – дейді жоба жетекшілері.
Сондай-ақ бүгінде вирусты жұқтырғандардың тұрғылықты мекенжайын көрсететін карта да жұмыс істеп тұр.
Олжас Әбішев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
– Картаны халыққа үрей туғызу үшін емес, мәлімет беріп, сақтану мақсатында жасадық. Шетел тәжірибесі көрсеткендей, азаматтар дер кезінде ақпараттандырылса, олар өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
Әдетте үш күн бойы жүргізілетін эпидемиологиялық зерттеулер жаңа бағдарламаның арқасында 28 сағатқа қысқарды. Коронавирусты анықтағаннан кейін онымен байланыста болған азаматтардың мәліметі 25 минут ішінде осы жүйеге енгізіледі. Сондай-ақ IT-платформалардың көмегімен қазақстандықтар қашықтан психологиялық көмек алып, індетті анықтау үшін тегін жедел тест тапсыруға өтініш қалдыруға болады.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Қанат Әбілдин, Аманжол Байғазин