Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар жаңа форматта өтеді
Оның аясында Отан үшін от кешкен майдангерлерге қаржылай қолдау көрсетіле бастады.
Әкімдіктер соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 1 млн теңгеге дейін материалдық көмек тағайындаған. Ал басқа көпшілік шаралардың өткізу үлгісіне індетке байланысты өзгерістер енгізілуде.
Жеңіс күні – қазақстандықтар үшін ұлы мереке. Бірақ ең алдымен ол – адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жанын пида еткен жандарды еске алу күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында осылай деді. «Қазақстан жеңіске жету жолында үлкен үлес қосты. Бір ғана дерек: 10 оқтың 9-ы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан жасалған. Біз майданға ет, тамақ, киім жеткіздік. Батырлар мәңгі ел есінде. Екі мәрте Кеңес Одағының батырлары – Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский. Біз Әлия Молдағұлованы мақтан тұтамыз. Мен тарихты бұрмалауға үзілді-кесілді қарсымын», – деді Мемлекет басшысы.
Енді осыдан тура 75 жыл бұрынғы соғыс қимылдарының жылнамасына тоқталып өтсек. 1945 жылдың 5 мамырында, 4-ші Украин майдан әскері, Моравск-Остравск өнеркәсіптік ауданын иеленіп, кезекті операцияны сәтті аяқтады. Одан бөлек, өңірдің оңтүстік-батыс және оңтүстік бөлігінде оналасқан Хоф, Берн, Рожков сынды 13 ірі елді мекен жау қолынан босатылды.
Ал 2-ші Украин майданы әскері Словакия, Братиславск, Брновск өнеркәсіптік аудандарын азат етті. Жауынгерлер осылайша 200 шақырымға алға жылжыды. Сондай-ақ 1945 жылдың дәл осы күні Нидерланды жаудан азат етілді. Хорватия, Бавария мен Батыс Австрия, Форарльберг пен Тиролда неміс әскерлері тізе бүкті.
Осы күні Чехословакия астанасы Прагада жауға қарсы көтеріліс басталды. 2-ші Беларусь майданы әскері болса, Воллин, Уезд аралын жаудан толықтай тазалады. Сондай-ақ Свинемюнд қаласындағы немістердің ірі порты мен Балтық теңізіндегі әскери-теңіздік базаны иеленді. Ал 1-ші Беларусь майданы әскері Цизар, Лобург, Бург қалаларын басып алды. Жеңіс күніне 4 күн қалды.
Елімізде Жеңістің 75 жылдығына байланысты мемлекеттік деңгейде жоспар жасалған. Оның аясында Отан үшін от кешкен майдангерлерге қаржылай қолдау көрсетіле бастады.
Әкімдіктер соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 1 млн теңгеге дейін материалдық көмек тағайындаған. Ал басқа көпшілік шаралардың өткізу үлгісіне індетке байланысты өзгерістер енгізілуде.
Әскери шеру. Үлкен мерекелер мен мемлекеттік және әскери маңызды оқиғалардың құрметіне өткізілетін салтанатты шара. Жеңістің 75 жылдығы да осы тізімнің қатарына кіреді. Адамға ерекше рух беретін, елдің қорғаныс қуатын, әскердің айбынын көрсететін осынау ерекше шеп түзеу салтанаты бірер күннен кейін өтуі керек еді. Алаңға онмыңдаған адам жиналатындықтан, карантинге байланысты бұл жоспардан бас тартуға мәжбүр болдық. Бірақ атаулы күн ескерусіз қалмайды.
Өткенге сәл көз жүргіртсек. 1941-1945 жылдар аралығында Қазақстаннан майданға 1 млн 200 мыңнан астам адам аттанған. Оның жартысы соғыстан оралмады.
Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесін келесі сандар айшықтай түседі. 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 50-ге тарта полк пен батальондар жасақталған. Жауға атылған 10 оқтың тоғызы Қазақстандағы Шымкент қорғасын зауытында құйылды. 500 қазақстандық Кеңес одағының батыры, 100-ден астам адам «Даңқ» орденінің иегері атанды.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Жеңістің 75 жылдығына үлкен дайындық жасалғаны елорданың көшелеріндегі безендіру жұмыстарынан да анық аңғарылады. Құттықтау сөздері жазылған жалаулар, ардагерлер бейнесі салынған билборттар ілінген.
Жеңістің 75 жылдығын атап өту мектеп бағдарламасында да қарастырылған. Соның бірі – оқушылар арасында сурет салу. Осы танымдық тапсырмалар арқылы жас ұрпақтың бойында бабалар ерлігін тану, отансүйгіштік, елге, жерге, бейбіт күнге деген құрмет сезімі қалаптасады.
Бабаларының суреті бейнеленген тақтайшалармен жүріп өтетін «Мәңгілік полк» шеруін өткізу дәстүрге айналған болатын. Барлық мерекелік шара сияқты ол да жаңа форматқа ауысады.
Сәуле Арзанбекова, қала әкімінің орынбасары:
- «Даңқ полкі» деген акция биыл да көпшілікті жинауға болмаса да, онлайн режимде өтеді. Мектеп оқушылары өздерінің аталары туралы бейнероликтерді түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялап жатыр.
Осылай әр өңір өз жоспарын жасауда. Көпшілік шаралармен қатар майдангерлер мен ардагерлерге бір реттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалуда. Одан өзге қамқорлық жасауға ниет еткен мекеме-кәсіпорындарда ардагерлерге сыйлықтар табыстайды.