«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери құрылымдар ішіндегі үздіктер қатарында
Әскери құрылымның Еуропадағы бірнеше қаланы фашистерден азат етуге қатысқанын біреу білсе, біреу білмес.
Ал тәуелсіз Қазақстанның қалқанына айналған бригадаға 2001 жылы Елбасының жарлығымен қазақтың хас батыры, дарабоз қолбасшы Қабанбайдың есімі берілген еді.
Аягөздегі танк бригадасы – Құрлық әскерлері арасындағы үздік құрылымдардың бірі. Ал ел ішінде «Қазақтың Шумахері» атанып кеткен Марат Түсіпов – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышы. Қатарынан жетінші жыл ол Мәскеу түбіндегі «Алабино» полигонында өтіп жүрген танк биатлонында ел намысын қорғап, жүлделі орындар иеленіп жүр.
Марат Түсіпов, Қабанбай батыр атындағы танк бригадасының механик-жүргізушісі:
- Экипаж мүшесі, танк командирі, механик, жүргізуші, бәрі бір кісідей жұмыс істеуі керек. Бірін-бірі ыммен түсінуі керек. Сонда ғана жеңіске жетуге болады. Рычагқа отырып жүрген кезде бұрынғы Қабанбай батырдай аталарымыздың қалай ұрысқанын елестетіп, сондай бір күш береді. Солай намысқа тырысқаннан жүлделі орындарға ие болып жүрміз.
Мараттың отбасында жас танкіші өсіп келе жатқанын да айта кету керек. Дәстүр сабақтастығы жалғасып, батыр мінез, өр намыс та әкеден балаға мұра болғаны қуантады. Ал Семейде төтенше жағдай кезінде патрульдік кезекшілікте жүрген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері бірнеше қылмыстың бетін ашты.
Руслан Секенов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 28738 әскери бөлімінің сержанты:
- Дүкенге таяп қалған кезде терезе сынғанын естіп, дүкенге барамыз. Оның ішінде ұрының жүргенін байқадық. Сол уақытта жергілікті полиция бөліміне хабар беріп, ұрыны ұстап, полиция бөлімі қызметкеріне тапсырдық. Ары қарай қызметтік міндеттерімізге кірісіп кеттік.
Арайлым Жұманбаева, сатушы:
- Бұл балалар болмаса, жағдайдың қандай боларын кім біледі?! Ризашылығымды білдіремін. Үлкен рахмет! Бұл кісілердің жұмысын да, еңбегін де бағалаймын, түсінемін. Осындай азаматтар көп болсын дегім келеді.
Аға сержанттар Қуанышбек Айсаулин мен Талғат Сайфуллин Чехов көшесінің бойында өртеніп жатқан ғимарат ішінен қала тұрғынын алып шыққан. Ал Аслан Шұжықбаев пен Еркебұлан Оразтаев іздеуде жүрген күдіктіні қолға түсірді. Қазір патрульдік кезекшілікке «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан 650 қызметші мен 55 әскери полицей шығып жүргенін айта кетейік.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы