Хабар телеарнасы

Қарт жауынгер Уақыт Шалекенов майдандас достарын еске алды

Ол майданға 19 жасында аттанды. Ардагер аты аңызға айналған Иван Коневтың қоластындағы дивизия құрамында соғысып, Белгород пен Харьков қалаларын жаудан азат етуге қатысты.

Уақыт Шалекенов соғыстан кейін бар өмірін ғылым жолына арнады. Жақында ғасыр жасаған қарияның төртінші кітабы жарыққа шықпақ.

Қан сасыған дала және қар астына көмілген жас сарбаздардың жансыз денесі. Ұлы Отан соғысының ардагері Уақыт Шалекенов сұрапыл соғыс жылдарын осылай еске алады. Ақсақал 1943 жылы Курск доғасындағы кескілескен ұрыста жауға қарсы шапқан. Етігімен қан кешкен майдан даласындағы жағдайды ардагер сипаттап берді.

Уақыт Шалекенов, Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚР ҰҒА академигі:

- Екі жақтан танкілер, артиллерия. Үшіншіден ұшақ жоғарыдан бомбалап жатыр. Осындай жағдайда Курск-Орловский доғада қырғын басталды. Сонда біз де болдық. Мен онда взвод командирінің көмекшісі болдым.

Қырғиқабақ соғыста ұлтқа, тіпті дінге де ешкім бөлінген жоқ. Өйткені алдыңғы шепте жау, ал Отанды қорғау осы жас сарбаздарға міндеттелген болатын. Барлығы да ортақ тәртіпке бағынды. Уақыт Шалекенов аты аңызға айналған Иван Коневтің қоластындағы дивизияның құрамында соғысқан. Ардагер Белгород пен Харьков қалаларын жаудан азат етуге қатысқан.

Уақыт Шалекенов, Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚР ҰҒА академигі:

- Түнімен жүріп, орманнан өте бергенде бізді артиллериямен, минометпен атуы мүмкін еді. Жарылса, сау қалатын адам аз болады. Бомбалап жатқан жерден тез алға ұмтылу керек. Онда үлгересің ба, үлгермейсің ба, саған байланысты еді.

Осы Харьков үшін кескілескен ұрыста Уақыт Шалекенов қолы мен аяғын жарақаттайды. Ең әуелі далалық кейін Фрунзе қаласындағы госпитальда емделген. Бірақ мемлекеттік комиссия ардагерді қызметке жарамсыз деп, үйіне қайтарыпты. Соғыстан кейін Уақыт Шалекенов тарихты тереңінен меңгеріп, археологиялық экспедицияға да жетекшілік еткен. Қазір қарт майдангердің жасы 100-ге таяп қалса да ғылымды зерттеуді тоқтатпаған. Жуырда Қазақстанның этнографиясы жайлы төртінші томы жарыққа шықпақ.

Авторы: Риат Шони