Волонтерлер қарт жауынгерлерге көмектесті
Олардың көмекке мұқтаждығы әсіресе карантин уақытында еселене түсті. Бірақ волонтерлердің арқасында қарттардың жүгі біраз жеңілдеп жатыр. «Жеңіс ардагерлері» атты халықаралық жобаның аясында біздің волонтерлер қарттардың керегін жеткізіп беріп, қажеттеріне жарап жүр. Әрине, қауіпсіздік мәселесін естен шығаруға болмайды. Сондықтан тікелей байланысқа түспеуге тырысады. Ал қарияларды емханаға, ауруханаға апару қажет болса, волонтерлер міндетті түрде қорғаныш киімдерін киюді ұмытпайды.
Татьяна Миронюк, Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директоры:
- Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагерлерді құттықтап барып, көңілін көтерсек, керемет болушы еді, бірақ олардың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан біз әзірге олардың үйін тазалап беру, жөндеу жұмысын жүргізу секілді шаруаларды тоқтатып отырмыз. Бірақ тапсырыс беру, төлем жасау керек болса, дайынбыз. Қазір еліміздің 36 қаласында Ұлттық волонтерлік желінің координаторлары жұмыс істейді. Көмекке мұқтаждар сол орталықтарға немесе тікелей елордадағы Фронт-кеңсеге хабарласуына болады.