Вакцинаға қарсы дайындалған петицияға қол қоюшылар қатары көбейді
Жыл басында халық донорлық ағзаға қатысты бір дүрлігіп еді, енді міндетті екпені «мойындамаймыз» деп дабыл қағуда. Вакцинаға қарсы дайындалған петицияға қол қоюшылар саны айналдырған алты күннің ішінде160 мыңнан асып кеткен. Қазақстан екпеге жыл сайын миллиондаған қаржы бөледі. Бірақ әлем мойындаған екпе мәселесінде қоғам пікірі неге екіге жарылды? Вакцинаға қарсы ата-аналар неден күдіктенеді?
Қоғамның пікірін қақ жарған петицияның авторы – осы кісі. Бес ай бұрын сәбиі қызылшаға қарсы екпеден кейін көз жұмды. Онсыз да жүрегі жаралы ана екпенің енді заңмен міндеттелетінін естігенде, қарап отыра алмаған.
Марина Шаймаханова, петиция авторы:
- Мемлекет бойынша миллион адамның бір баласы көз жұмады. Ал ол отбасыға бір баланың өлгені бүкіл отбасының өлгені сияқты болады. Өз басымнан ол жағдай өтті. Бірақ статистикаға енгізетін жағдайлар кішкене ғана. Көп ата-ана сондай жағдайды вакцинациядан көріп жатыр.
Петицияны алғаш болып қолдағандардың бірі – Евгения Чеботаревская. Ол ұлы Данилдың әр екпеден соң дамуы баяулай түскенін айтады. Әйтеуір тірі қалғанына шүкірлік етеді қазір.
Евгения Чеботаревская , Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бала екпе алған соң мүлде қимылсыз қалды. Тіпті дыбысы да шықпайтын болды. Оңалту жаттығуларының арқасында аяқ-қолына әзер дегенде жан бітірдік. Кейін байқасам, әрбір екпеден соң баламның дамуы баяулай түскен екен. Тек 2,5 жастан асқанда тәй-тәй басты. Егер мүлде екпе алмасақ, бұдан да ерте жүріп кетуші ме еді деп ойлаймын. Екпені енді алмастай болдым.
Екпе төңірегінде даудың өршуі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Одан бас тартатындар саны да жылдан жылға артып отыр. Былтыр 17 мың адамға жеткен. Биыл жылдың алғашқы тоқсанында 1 млн-нан астам адам вакцина алған, 700 адам бас тартқан.
Олардың бірі «екпе табиғи иммунитеттi бұзады» десе, енді бірі екпенің сапасына күмәнмен қарайды. Діни сеніміне байланысты қарсы болатындар тағы бар.
Крупно Қайырғали Көнеев, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Міндетті екпе жасау бұрынғы кодексте де болған. Оның арнайы күнтізбесі де бар. Ал жаңа құжатта екпе жасалмаған балаларды мектепке, балабақшаға қабылдауға тыйым салу мүмкіндігі талқылануда. Халықтың ашу-ызасын тудырып отырған да осы. Мәжбүрлі вакцинациялауға тіпті екпені қолдайтындардың өзі қарсы шығып жатыр.
Бірақ кодекстің басы-қасында жүргендер мұның жаңсақ пікір екенін айтып ақталуда.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында «екпесі жоқ балалар балабақшаға қабылданбасын» деген норма жоқ. «Егер ата-ана баласына екпе жасатпаса, қатаң жазаланады, ата-аналық құқығынан айырылады» деген де жалған мәлімет. Топтағы балалардың 95% вакцинация жасалса, мұндай топқа екпе алмаған бала қабылдана береді. Біз осындай шешімге келдік.
Елімізде екпенің бір ғана түрі обаға қарсы вакцина шығарылады. Ал өзгесі Франция, Бельгия, Үндістан, Ресей, Корея және Жапониядан әкелінеді. Екпеге қарсы шығып жатқандардың көбі: «Вакцинаның құрамы күдік тудырады», –дейді. «Міндетті екпе енгізілсе, сапасыз вакцинаның құрбаны боламыз ба?» – деп те қорқады. Бірақ бас дәрігердің өзі сөз берді. «Тек сапалы вакцина сатып аламыз», – деп отыр.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вакцинаның сапасына алаңдаудың еш қажеті жоқ. Бастысы – екпенің сапасы мен оны жүргізетін дәрігерлердің жауапкершілігі кодексте көрсетілген. Бұған дейінгі петицияларды қарап, барлық ұсынысты енгізгенбіз. Қазақстанда соңғы онжылдықта вакцинадан бір де бір адам қайтыс болған жоқ.
Қалай болғанда Денсаулық сақтау министрлігінің жоспары бар. Жыл соңына дейін 4 млн-дай адамды міндетті екпеден өткізбекші. Өйткені вакцинадан бас тартудың кесірінен кейбір инфекциямен ауыратындар саны артып кеткен.
Нұршай Әзімбаева, ДЗСҰО Инфекциялық ауруларды қадағалау басқармасының бас сарапшысы:
- Егілген адамдар инфекциялық аурумен науқастанғанда оларда ауру жеңіл түрде, ешқандай асқынусыз өтеді. Ал егілмеген адамда көбінесе инфекция өте ауыр түрде және асқынуларға апарауы мүмкін. Сондықтан егілген дұрыс.
Денсаулық кодексі екі жыл бойы қаралды, он шақты отырыста ортаға салынды. 3000-дай ұсыныс-тілек ескерілді. Бірақ халықтың қолдауына да, сеніміне де ие бола алмай-ақ қойды. Дегенмен құжат жыл соңына дейін қабылдануы тиіс.
Авторы: Шынар Асанқызы