Ақмола облысында коронавирус салдарынан туристік нысандар шығынға батты
Маңайда кәсіп иесінен басқа ешкім көрінбейді. Ал қазіргідей мамырдың мамыражай күнінде бұл жерден кісі арылмайтын. «Жылда қыстан есеңгіреп шыққанда, келушілер есебінен еңсемізді бір тіктеп алатын едік», – дейді кәсіпкер. Енді биыл ол да жоқ.
Исатай Аңсат, демалыс орнының қожайыны:
- Бізге 8 және 22 наурыз мерекелері қарсаңында келушілер қатары көбейетін. Наурыз айында ең болмағанда 1-2 млн теңге табатынбыз. Қазір бізде ол табыс жоқ. Сонда наурыз, сәуір, мамыр айлары бос кетіп отыр. Сондықтан бізде қазір осы кезде 10 шақты адам жұмыс істеп жүретін болса, мен оларды ұстай алмайтын едім. Өйткені табыс жоқ.
Сөйтіп жұмысшылардың бәрі қазір ақысыз демалысқа жіберіліп, нысанда тек күзетші ғана қалған. Кіріс кірмеген соң ғимаратты жөндеу жұмыстары мен демалыс кешенін одан әрі дамыту жоспары да іске аспаған. «Табыс таппақ түгілі шығынды жабудың өзі мұң боп тұр», – дейді олар. Себебі тынығу орнын ұстап тұру үшін айына миллиондаған қаражат қажет. Ал туристік нысандардың жұмыс істеуіне мемлекеттік комиссия кеше ғана рұқсат беріпті. Алайда блок-бекеттер әлі ашылған жоқ. Оның үстіне шектеулер де өте көп.
Исатай Аңсат, демалыс орнының қожайыны:
- Бізге қойылып отырған санитарлық талаптар көп. Мәселен, біз мынау қонақүй маңайының барлығын ең болмағанда күніне 1 рет дезинфекция жасау керекпіз. Одан бөлек қонақүйге келген әрбір адамның ПТР қағазы болуы керек. Ол инфекция жұқтырмағанын дәлелдеу үшін қажет. 1 адамның сараптамасы 11 мың теңгені құрайды. Мәселен, менің 6 балам бар. 6 балам, әйелім және өзім тек ПТР-ға 88 мың тг беру керекпін. Оған адамдар бара ма, жоқ па?
Алайда жергілікті эпидемиологтар, Туризм басқармасы мен басқа да құзырлы органдар: «Бұған еш әсер ете алмаймыз», – дейді. Себебі бұл – заңмен бекітілген талап. Дегенмен демалыс орындары қарап қалмақ емес. Туристерді өздеріне тарту үшін бәсекеге барынша қабілетті болып, келушілерге бар жағдайды жасайтындарын айтады. Өйткені биыл барлық мәселе оң шешілсе, отандық туризмнің айы оңынан туайын деп тұр.
Исатай Аңсат, демалыс орнының қожайыны:
- Кішкентай зообақ жасағым келіп отыр. Мысалы, балалар қозы, қоян сияқты жануарлармен өте жақсы ойнайды. Екіншіден, экотамақтарды біз бергіміз келіп отыр. Сондай-ақ өзіміз ірімшік, түрік айранын, шұжықтарын да жасап шығарғымыз келеді.
Жалпы Ақмола облысында бас-аяғы 700-ден астам туристік нысан бар. Қазір барлығының дерлік халі мүшкіл. Жол бойындағы дәмханалардан бастап мейрамхана, қонақүй, курорт, санаторий – бәрі бос тұр. Ал бұл – туристік аймақ үшін бұрын-соңды болмаған жағдай.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Осылайша қазір демалыс аймақтарында мүлгіген тыныштық. Құлаққа тек құстардың даусы мен желдің сыбдыры ғана естіледі. Ал кәсіп иелері болса осы тыныштықтың арты жақсылыққа ұласып, бұрынғы жайма-шуақ күнімізге қайта оралып, шығынымызды жауып, табысқа кенелсек екен дейді. Ал олардың жұмыс істеуі туризмнің дамуына да оң ықпал етері сөзсіз.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный