Төле би ауданындағы тасқын судың зардабын жоюға 770 адам жұмылдырылды
Бүгінге дейін мамандар екі мың текше метр су шығарған. Сондай-ақ сел шайып кеткен төрт көпір қалпына келтірілді. Тасқыннан жапа шеккен тұрғындарға алғашқы көмек келді. Ал Шымкенттегі су басқан Елтай ауылындағы ахуал қалай? Онда қанша үй бүлінген? Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
Нөсер жауыннан үйлері бүлінген Төле би ауданының тұрғындарына алғашқы көмек Мақтаарал ауданынан жетті. Ондағы волонтерлер штабында жүрген Алматы облысының жалынды жастары да Төле бидегі селдің салдарын жоюға атсалысты. Волонтерлер селден зардап шеккен 105 отбасыға 10 тоннадан астам ұн, май, күріш, шекер сынды 12 түрлі азық-түлік пен киім-кешек, химиялық және медициналық заттарды жеткізіп берді.
Амалбек Өміртай, волонтерлер штабының жетекшісі:
- Қазіргі таңда Қазығұрт ауданында да су тасу апатынан зардап шеккен азаматтарға азық-түлік, алғашқы қажетті тұрмыстық заттарды жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.
Сондай-ақ Қасқасу елді мекеніндегі тасқын су шайып кеткен төрт көпірдің екеуі толық қалпына келтірілді. Соның нәтижесінде ауылдардың арасында байланыс орнады. Жергілікті маңызы бар қалған екі өткелді толық ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауданда облыстық маңызы бар алты жолды су шайып, Қасқасу елді мекенінде бірнеше құбыр бүлінген.
Ролан Ибрагимов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда облыстың маңызы бар жолдарда жол жиегін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек Қасқасу елді мекеніндегі шайылған құбырларды қалпына келтіру мақсатында тиісті техникалар жұмылдырылды. Бүгін-ертең көлік қатынасын қалпына келтіреміз.
Түркістан облысында жауын-шашынның мөлшерден тыс түсуіне байланысты бес аудандағы 21 елді мекенге тасқын су қауіп төндірді. 27 үй су астында қалып, қабырғасы қақырады. Сегіз бас мал шығыны тіркелді. Су басқан аймақтан 300-ден аса адам эвакуацияланды. Екі мың текше метр су сорылды.
Оразбай Айтқұлов, облыстық ТЖД аға офицері:
- Ауа райының ашық болуына байланысты қауіптің беті сейілді. «Қазгидромед» республикалық кәсіпорнының болжамы бойынша, алдағы 2-3 күнде облыста жауын жаууы мүмкін. Соған дайындық жұмыстары жергілкті атқарушы органдармен пысықталды.
Ал Шымкеттегі су басқан Елтай ауылының тұрғындары әлі күнге дейін үрей құшағында отыр. Бірақ қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында қалалық ТЖД бастығы Нұрболат Дербісов Елтай тұрғын алабында таудан келген судан жарамсыз болып қалған үйлер жоқ екенін айтты. Ал ауыл тұрғындары қала әкімі: «Су арнасына салынған үйлер түгел көшірілетінін хабарлады», – деп отыр.
Көмектес Қалтаев, Елтай ауылының тұрғыны:
- Сарбаз балалар келіп, жәрдем беріп, 10-15 шақты үйді тазалап кетті. Енді мына үйлерді де тазалау керек, кезек осыларда. Су кеше ғана тоқтады. Түнімен қазып шықты осыны.
Жалпы тасқын судан Елтай ауылында 38 үй зақымдағанған. «Алайда ол баспаналар тек ағымдағы жөндеу жұмыстарын талап етеді», – дейді ТЖД мамандары. Мұнан бөлек 12 қора-қопсы құлаған. Нысандардың құжаты болмағандықтан, мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді. Сондай-ақ екі бас ірі қара мал суға ағып кеткен. Су тасқынының салдарын анықтау және келтірілген шығын көлемін есептеу жұмыстарымен арнайы құрылған комиссия айналысады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш