Қостанай облысындағы ауыл маңы тұрмыс қалдықтарына толып кетті
Қостанай ауданы, Ульянов елді мекенінің тұрғындары осындай шағым айтты.
«Бақылаусыз болғандықтан, қоқысты әркім қалай болса, солай төгеді», – дейді олар. Полигон иелерінің де айтар уәждері бар.
Қоқыс полигоны Ульянов ауылынан шамамен 3-4 шақырым жерде орналасқан. Жаңбырдан кейін шаң-тозаң байқалмағанымен, жел көтерілгенде қағаз, қалбыр, судырлар жағалай ұшып, шашылады екен. «Іргесіндегі көлді де тұрмыс қалдықтары ластап жатыр», –дейді жергілікті тұрғындар.
Николай Комаров, Ульянов ауылының тұрғыны:
- Жағалай шашылған қалдықтар мал жаюға қиын. Полигон бола берсін, бірақ бізге тазалықты сақтағаны керек.
Владас Моркевичус, Ульянов ауылының тұрғыны:
- Қыста полигонға жете алмай, қоқысты жол бойына төкті. Қар кеткен соң оның бәрі қылтиып, жер бетіне шықты. Жел тұрса, пакет, қағаздар жер-көкті алып кетеді.
Гүлнәр Бекбосынова, Ульянов селолық округінің әкімі:
- Қасымызда полигон бар, бірақ қоқысты ол жерге техникасымен тасымалдайтын адам таппадық. Сосын жалпы жиналыста бұл міндетті жеке тракторы бар ауыл тұрғынына жүктедік. Әр отбасы 500 теңгеден төлейді. Ол аптасына екі рет қоқыс шығаратын болып келісілді.
Алайда әп-әдемі басталған істің аяғы сұйылып кеткенге ұқсайды. Ауылдың бүгінгі жағдайы – соған дәлел. Қаңтар айынан бері тракторшы қоқыс тасымалдауды тоқтатқан. Ал қалада тұратын полигонның қазіргі иесі одан құтылғанша асық.
Ренат Зинатов, жекеменшік коммуналдық кәсіпорын өкілі:
- Мониторинг, есеп-қисабы, топырақты зерттеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп тұрды. Бірақ полигонда ештеңе істелмеді деуге болады. Себебі қаладан 80 шақырым қашықта. Бұл бізге ыңғайсыз және тиімсіз.
Бұл кісіні қазіргі иесі деп отырғанымыз: жақында қоқыс полигоны басқа кәсіпорынның меншігіне өтпек. Әлі заңды түрде рәсімделмесе де, жаңа иелері тұрмыс қалдықтарын төгетін алаңды тәртіптке келтіру жұмыстарын бастап та кетіпті.
Алексей Пресный, жекеменшік коммуналдық кәсіпорын директорының орынбасары:
- Айналасындағы топырақ бөгеті биіктетіліп, оның үстінен темір тормен қоршалады.Талапқа сай жан-жағын көгалдандырамыз. Оның сыртында жергілікті 15-20 шақты тұрғынды тұрақты жұмысқа алып, қоқысты сұрыптайтын боламыз. Бір-екі айда бәрін тәртіпке келтіреміз деген ойдамын.
Ульяновтықтарға иіс, қоқыстан арылатын күн жақын деп сенейік. Ал облыстағы қалған полигондардың жай-күйі қалай?
Ерлан Есенеев, Қостанай облыстық Экология департаментінің бас маманы:
- Қостанай облысында 266 қалдық орналастыру обьектілері бар. Қостанай облысы бойынша 70% талапқа сай келеді деп айтуға болады Талапқа сай келмегендер алыс ауылды елді мекендерде орналасқан. Қоршауы жоқ, жерлері қопсытылмаған.
Былтыр экологтор 8 тексеріс жүргізіп, 3 әкімшілік іс қозғаған. Екі коммуналды кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтатылған.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг