Хабар телеарнасы

Қызылорда облысының Сексеуіл кентінде 300 орынды мектеп салынады

11 мың тұрғыны бар елді мекендегі мектеп құрылысына 730 млн теңге қаржы бөлінген.

Мемлекет басшысының назарында тұрғын құрылыс қашан басталады? Жаңа оқу жылына дейін оқушылардың өзекті мәселесі шешімін таба ма?

Сексеуіл кентінде 3 мектеп, 2,5 мың оқушы бар. Сол білім ұяларының екеуінде орын тапшы. Оның үстіне бұл оқу ошақтары теміржолдың тек бір жақ бетіне орналасқан.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Сексеуілдің 600-ден астам оқушысы теміржолдың арғы бетінен мектепке қатынайды. Жол қысқартқысы келгендері қаз-қатар жатқан мына 15 рельсті аттап, вагондардың астымен өтуге мәжбүр. Бұл, әрине, кішкентайлардың өмірі үшін аса қауіпті.

Ақпарат құралдары арқылы айтулы мәселеге қаныққан Президент пәрмен беріп, жаңа мектеп құрылысы бірер күнде басталатын болды. Қаржысы толық шешілген. Құны 730 млн теңгеден асады.

Санира Жанназарова, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Кенттегі 3 мектеп теміржолдың бір жақ беткейінде орналасқан. Ал қазіргі бөлініп отырған жер қарсы жақ бетінде теміржол өткелі балалар мен ата-аналар үшін мектепке қатынауға қолайлы орын деп табылып отыр.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Сексеуіл кентінде аурухана мәселесі де көптен өзекті болып келді. Көне ғимаратының тозығы жетіп, таршылық етті. Тұрғындар тілегі ескеріліп, жаңа аурухана салынып жатыр. 

Арнұр Нұрмағанбетов, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Жалпы құрылыстың құны 782 млн теңгені құрайды. 2019 жылы құрылыс жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінген болатын. Енді үстіміздегі жылы құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 200 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға тиісті жұмыстар жалғастырылатын болады. Құрылыстың ұзақтығы нормативке сәйкес 21 айды құрайды.

Облыс әкімі 11 мың тұрғыны бар елді мекендегі мектеп құрылысын жаңа оқу жылына дейін аяқтауда тапсырды. «Ал аурухана құрылысының қалған қаржысы уақытылы бөлінсе, жыл соңына дейін пайдалануға беруге мүмкіндігіміз бар», – дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов