Елімізде коронавирус жұқтыру көрсеткіші бір күнде 4,8% артқан
Сөйтіп дертке шалдыққандардың жалпы саны 6751-ге жетті. Оның 3572-cі жазылып шыққан. Қазір 3247 науқас емделіп жатыр. Өкінішке қарай, 35 адам бақилық болды.
Елімізде коронавирус жұқтыру көрсеткіші бір күнде 4,8% артқан. Бұл зертханалардың жұмыс істеу қуатын ұлғайтуға байланысты. Журналистердің сауалдарына әлеуметтік желіде жауап берген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бұйрабекова осылай деді. Мамандар қазір тәулігіне алынатын тест сынамаларының қатарын 28 мыңға дейін арттырған. Министрлік өкілі сондай-ақ эпидемия күзде қайталануы мүмкін екенін де айтып өтті. Десе де, шетелдердегідей бір адамның вирусты қайта жұқтыру фактісі елімізде тіркелмеген. Өңірлерде вирустан болған өлім-жітімді зерттейтін арнайы комиссиялар құрылғаны да мәлім болды. Бұған қоса министрлік өкілі абақтылардың бірінде 19 колония қызметкерінің вирус жұқтырғанын растады. Ал егер алда-жалда сотталғандар коронавируспен ауырып қалса, олар колония аумағында емделетінін айтты.
Людмила Бұйрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Қазір респуликалық қан орталығында арнайы плазма банкі құрылған. Вирусты иммундық плазмамен емдеу қажеттілігі туындап жатса, ондай мүмкіндік бар. Қазір елімізде науқастармен байланыста болған 3 мыңнан астам адам стационарлық карантинге, 6 мыңдай жан үй карантиніне жіберілген. Бас санитар бекіткен ереже жалпыға ортақ. Тек кей өңірлерде эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетсе, оны жергілікті деңгейде қатаңдатуға рұқсат етілген.