Мәжіліс бейбіт шеру туралы заңды мақұлдады
Ол құжаттың жекелеген нормаларын жақсартуға бағытталған болатын. Енді елорда да, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында бейбіт шеру ұйымдастыру үшін арнайы орындар бекітіледі. Сондай-ақ митинг ұйымдастыруға бекінгендер бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат сұрап жүрмейді. Осылайша жоба жан-жақты жетіле түсті. Жалпы жоғарғы палата өкілдері 16 бірдей өзгеріс енгізген болатын.
Азаматтар бейбіт жиын өткізуді ұйғарды делік. Арнайы күнді белгілеп те қойды. Тек бес күн бұрын ол жайында әкімдікке ескертсе болғаны. Өзгелерге кедергі келтірмей, бір орында бас қосып, өздерін мазалаған сұрақты талқылауларына рұқсат. Тек жиын өтетін орындардың саны туралы бұған дейін нақтылық болмаған еді.
Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ бөлім басшысы:
- Сенат кемінде үш бөлікті қарастыруды ұсынды. Мысалы астанада 12 орын, Алматыда 24, Шымкентте 12, Қарағандыда алтыдан кем емес болады.
Жібек Ахметова, «Маңғыстау облысының азаматтық альянсы» ЗТБ төрайымы:
- Менің бір ұсынысым, ол орындар міндетті түрде халықтың талқылауында болуы керек. Себебі ол орындар мына қаланың сыртында, ауылдың шетінде болатын болса, ол митингті, шеруді ұйымдастырудың ешқандай маңыздылығы болмай қалады.
Осыны ескеріп, заңда ол орындар қаланың әр ауданының орталығында болуы тиіс екіндігі көрсетілді. Онда жиылған қауым көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі керек. Өзге адамдарға зиян тигізбеуі тиіс. Егер бірлі-жарым адам бүлік жасап, арандатуға тырысса, оларды тәртіп сақшылары алып кетеді. Ал қалған адамдар шеруді әрі қарай өткізе береді. Сондай-ақ ауру жұқтыру қаупі болса, митинг кезінде медициналық маска тағуға рұқсат.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
- Сенаторлардың ұсынысын Мәжіліс толығымен келісіп, мақұлдап, қайтадан қайтарды. Менің ойымша демократия – келісімдер мен процедуралар. Міне осындай палаталардың арасында келісімдер мен процедуралар көп болатын болса, онда біздің елде демократияның әдістері мен тәсілдері еріп келе жатыр деуге барлық негіз бар.
Мақұлданған нормалар арқылы Қазақстан азаматтарының өз ұсыныстарын билікке жеткізуге деген мүмкіндігі артты.
Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іс жүзінде көрініс табуда. Енді бейбіт жиын өткізушілер бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат алуы қажет емес. Ескертеді де, белгіленген күні, белгіленген уақытта бара береді. Заңда оны тоқтатудың себептері де көрсетілген. Бірақ ондай себептер саны анағұрлым қысқарды. Түзетулер мақұлданды. Құжат енді сенатқа, одан әрі Президенттің қол қоюына жіберіледі.
Жалпы Сенаттың заң жобасын Мәжіліске қайтаруы – қалыпты үрдіс. Осы арқылы құжаттың сапасы артады.
Владимир Волков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазір қолданыстағы заң 1995 жылы оның өзінде конституциядан бұрын қабылданған. Онда жиынның өтуі жергілікті мәслихаттардың құзырында қалды деуге болады. Ал жаңа құжат түрлі орган өкілдері, сарапшылар, депутаттар, қоғамның талқылауынан өтіп қабылданды. Халықаралық тәжірибелер негізге алынды.
Бұл заң жарты жылға жуық уақыт талқыланды. Сарапшылар осы аралықта жобаның ішкі мазмұны ашықтық, келісім, еркіндікті қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын тілге тиек етуде.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы