Егіс науқаны аяқталуға жақын қалды
Оның 11,4 млн га – бидай. Үкімет отырысында айтылған мәліметтерге сай қазіргі таңда дәнді және бұршақты дақылдар 9,6 млн га аумаққа, майлы дақылдар 2,3 млн, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп 400 мың, қант қызылшасы 20,5 мың га алқапқа егілген. Бүгінде оңтүстік аймақтар мен Ақтөбе, Атырау облыстарында егіс жұмыстары аяқталуға таяп қалды. Биыл жақсы өнім алу үшін шаруалар қолайлы ауа райы болады деп болжап отыр. Осы ретте Премьер-Министр Асқар Мамин ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынын ұлғайту аясында сапалы әрі қолжетімді шикізат базасын өсіру бойынша шараларды қабылдауды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Оның өзі ауыл шаруашылығы жұмыстарын толық көлемде жүргізуге, өсімдік шаруашылығында жалпы өнім шығаруды 3,1 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының болжамы бойынша Қазақстан агроөнеркәсіп кешені саласындағы әлеуеті жоғары. АҚШ, Австралия, Бразилия және Аргентина мемлекеттерінің қатарында және әлемдік азық-түлік хабына айналуына нақты мүмкіндік бар. Бұл орындалатын міндет екенін атап өтемін.