Ақтөбеде бейберекет төгілген 446 қоқыс орны анықталды
Себебі қоқыс өңдеушілерге шикізат жеткілікті. Мысалы, бір ғана Ақтөбе қаласын алайық. Бүгінгі күні шаһардың айналасында бейберекет үйілген 446 қоқыс орны анықталып отыр. Тұрғындар тәртіп сақшылары мен экологтардың көзін ала бере төге салуды әдетке айналдырған.
Енді жергілікті атқарушы билік өкілдері 10 жылдап жиналған үйіндіден қалай арыламыз деп бас қатыруда.
Көбінесе қаланың сырттарында орналасады. Адамдар түнде апарып төгіп тастайды. Эколог мамандар: «Әрбір жанның соңына түсіп, қадағалап жүруге мүмкіндігіміз жоқ», – дейді. Бұдан былай қаланы ластағандар заманауи технологияның көмегімен анықталады. Ғарыштан түсірілген суреттер арқылы тау болып үйілген қоқысты көріп, олардың көлемін де білуге болады. Соңғы сараптамаларға сәйкес қазір Ақтөбенің айналасында арнаулы полигонға жеткізілмеген 200 мың текше метр тұрмыстық қалдық жиылыпты.
Гүлжайнар Әбдірахманова, Ақтөбе облыстық Экология департаментінің бас маманы:
- Қазіргі таңда Экология департаментінде 11 экологиялық мемлекеттік инспектор болғандықтан, құқық бұзған тұлғаларды анықтау мүмкін болмай отыр. Сондықтан біздер құқықбұзушылықты және тұлғаны анықтаған жағдайда фотоға, видеоға түсіріп, тиісті органдарға жіберуді сұраған болатынбыз.
Полиция департаменті: «Жыл басынан қоршаған ортаға зиян келтірген 3 мыңға жуық азаматты жауапқа тарттық», – дейді. Олардың әрбірі 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ойына келген жерді ойрандап кететін азаматтарды анықтауда әлеуметтік желілер де таптырмас көмекші болып отыр.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Жақында әлеуметтік желілерде саябақ маңында автокөлігімен қоқыс алып келіп тастап жатқан бейне шықты. Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері қала тұрғынын анықтап, оған ҚР ӘК 434-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 20 АЕК құрайтын айыппұл салынды.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Мыңдаған азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынғанынан қаланың айналасындағы қоқыс азая қойған жоқ. Ақылы демалыс орындарынан сәл жырақ кетсең, үй жиһазы қалдықтары, құрылыс материалдары сияқты заттардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Сондықтан биліктің ендігі міндеті жақын арада шаһар маңын қоқыстан арылту болуы тиіс.
Бұл мақсатта биыл бюджеттен 233 млн теңге бөлініп отыр. Қалалық қоқыстан тазалау жұмыстары жақын арада басталуы тиіс.
Рүстембек Омаров, Ақтөбе қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Қала бойынша үш учаскеге бөлдік. Яғни үш конкурс болып өткізіліп жатыр. Ертең ашық конкурстың нәтижесі шыққаннан кейін үш ауданның да жұмыстары бірдей басталады. Сонымен қатар қаланы санитарлық тазалау және жаз мезгілінде жолды күту жұмыстары мердігер мекемелерінің көмегімен жүзеге асырылатын болады.
Тазалық жұмыстарына қала тұрғындары да жұмылдырылады. Жоспарлы сенбіліктерден бөлек еңбек биржасына тіркелген жұмыссыздарды да жолдау қарастырылған. Бүгінгі күннің өзінде 30 азамат қала тазалығына үлес қосып жүр. Алдағы уақытта «Жасыл ел» жасақтарын да шаһардың төңірегін қоқыстан арылту жұмыстарына тарту жоспарланған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков