Студенттерді даярлауға бөлінетін қаржы ұлғаяды
Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері осындай пікірде. «Өйткені қалай болғанда да көп нәрсе жалақыға келіп тіреледі», – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы. Жалақы жақсы болса, білім саласына дарынды жастар көп келе бастайды. Қоғамдық кеңестің онлайн форматта өткен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Дипломды оңды-солды бере беретін жоғары оқу орындарын жабу керек», –деді.
Расул Жұмалы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Еуропа, Америка, Канада болсын, оларда бір студентке шамамен жылына 10-13 доллар бөлінеді екен. Бізде бұл көрсеткіш 1000 доллар. Әрине, бәлкім сол Американың деңгейіне жетпесек те, осыны еселеп көтеру айналып келгенде сол білімнің сапасын арттыруға, алғашқы 500, 100 рейтингке кіруге күш береді. Әрине, тек қаржыландырумен емес, бұл жерде талап та болуы керек.
Ал белгілі журналист Дәурен Қуат: «Қоғамдық кеңестің отырысы сирек өтсе де, келелі мәселелерді шешіп отыр», – дейді. Бүгінгі ұсыныстардың да жүзеге асатынына сенім білдірді. «Білім» телеарнасын ашу туралы бастама да құптарлық ой», –дейді ол.
Дәурен Қуат, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Карантиннің кезінде білімді телеарналар арқылы беруге болатындығын және мықты педагогтардың тәжірибесін бөлісуге болатындығына көзіміз жетті. Демек, біз білімге деген үлкен назар аударатын болсақ, білімді бірінші орынға қоятын болсақ, онда бізге оның ақпараттандыру жағына да назар аударуымыз керек. «Білім» арнасы деген өте қажет.