Педагогтердің республикалық тамыз саммиті басталды
Келешекте Қазақстанда білім саласы толық цифрландырылып, мұғалімдер мен оқушылар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады.
Астанада еліміздің 1 мыңға жуық ұстазы жиналып, оларды оқу үдерісіне енгізу мәселесін талқылады. Тамыз саммиті аясында цифрлық жобалардың көрмесі де ұйымдастырылды.
Цифрландыру игіліктерін толық игеру үшін ең алдымен балалар кітап арқалаудан арылуы тиіс. Яғни оқулықтардың электронды нұсқасымен оқуы қажет. Министрлік бұл жұмыс былтыр аяқталғанын айтады. Енді олар жасанды интеллектімен әрленіп жатыр. Солардың бірі – e.kitap платформасы.
Айгүл Бекболатова, кітап баспасының бас редакторы:
- Аудио, видео құрастыруға мүмкіндік береді. Қызықты ақпараттарды тауып береді. Одан кейін мына беріліп отырған материалды түрлендіріп қабылдауға мүмкіншілік туғызады. Сондықтан бала кез келген параграфты, жаңа білімді қабылдай алады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мұғалімдер жасанды интеллектіні тек үй тапсырмасын орындауда ғана емес, күнделікті пәндерді оқыту барысында да қолдану мәселесін жан-жақты талқылады. «Бірақ бұл оқушылар сабақ бойы телефонға телміріп отырады деген сөз емес», - дейді Оқу-ағарту министрі.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Жасанды интеллектінің жалпы білім сапасын арттырудағы тиімді жақтарын қарастыру мәселесін біз бүгін ойталқыға салып отырмыз. Ары қарай ғалымдар бар, мамандар бар, бұны ой елегінен өткізе отырып, оны тағы да ары қарай, ең бастысы – баланың біліміне біркелкі сапаның болуына әсер етуіне біз міндетті түрде мән беретін боламыз.
Ал жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалану үшін жылдамдығы жоғары интернет қажет. Бүгінде елдегі мектептердің ғаламтормен жабдықталуы 90%-ға жетер-жетпес. Дегенмен жауапты министрлік 2026 жылға дейін барлық ауыл мектептері сапалы желі байланысымен қамтамасыз етіледі деп отыр.
Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев