Медицина саласындағы олқылықтар орны толтырылмақ
Бұл туралы әуел баста министрлік өкілдері мәлімдеген еді. Ұлттық кеңесте Президент тағы еске салды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Енді ақ халаттылардың абыройы артып, құқықтары қорғалмақ. Беделі мен қатар жалақыларын да өсірмек. Тағы заманға сай емханалар бой көтереді. Қолданыстағы нысандар кейнгі үлгі бойынша жабдықталмақ.
Қазір қоғам қауіпті індетке қарсы тойтарыс беретін ақ халаттылардың көмегіне зәру. Себебі қысыл таяң шақта басқа-басқа, дімкәс жанның дертіне дауа болатын дәрігерлердің тапшылығы қатты сезілді. Ал эпидемиолог мамандар жоқтың қасы. Осыған дейін тәлім алғандардың басым бөлігі жалпы медицина, тіс дәрігері немесе фармацевтиканы таңдаған.
Дайнюс Павалькис, Астана Медицина университетінің ректоры:
- Бұл салаға көп адам бара бермейді. Бұл бағытта қолдау аз. Негізгі себебі – осы. Бүгінде 48 студентіміз карантиндік аймақтарда жүр. Осы уақытқа дейін олардың эпидемиология саласына деген қызығушылықтары болмаған еді. Және осындай пандемиямен бірінші рет кездесіп отыр. Алдағы уақытта болашақ эпидемиологтарды магистратурада оқытуды жоспарлап отырмыз.
Қазір осы саланы зерделейтін мамандардың көмегіне мұқтажбыз. Литвалық ғалымның айтуынша, бұл – уақытша сұраныс. Яғни осыған дейін де эпидемиологтар болған. Тек жалақылары аз еді. Сондықтан олар өзге кәсіптің жетегінде кетуге мәжбүр болды.
Дайнюс Павалькис, Астана Медицина университетінің ректоры:
- Айлықтары аз. Сондықтан басқа жұмыс істеп кетеді. Негізгі мамандығы табыс көзіне айналмай қалады. Осыдан барып, бұл мамандыққа деген сұраныс төмендейді. Шамамен 70 мың тг үшін таңнан кешке дейін жұмыс істегісі келетіндер аз. Ал кей аймақтарда медицина саласының ішінде тұтас бір ағзаға жауап беретін бірнеше дәрігер отырады. Олардың санын қысқартып, кадр мәселесін шешу керек. Жалпы осындай мәселелердің бәрі Президент назарына ілінді.
Ұлттық кеңестің отырысында Президент дәрігерлердің еңбекақысын арттыруды тапсырды. Әсілі, абзал жандардың жалақысы жоғары болу керек. Маман тапшылығы осыдан туындап жатыр. Мемлекет басшысы бұл іске қатысты нақты шараларды жүзеге асыру керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін шын мәнінде ауыр сынақ болды. Бұл ахуал елімізде кәсіби дәрігердің тапшы екендігін анық аңғартты. Бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп болып отыр. Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық.
Жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалар халықаралық талаптарға сай келмейді. Бірақ біртіндеп, қалыпқа келтіріледі. Мәселен, Ақтауда жұқпалы аурулар бөлімшесі күрделі жөндеуден өтеді. Ескі нысан жыл соңына дейін қалпына келтірілмек. 40 жыл бұрын салынған кешенге соңғы рет 2009 жылы жөндеу жүргізілген.
Ләззат Есенғалиева, өңірлік Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Атап айтсақ, ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, тозығы жеткен сантехника ауыстырылды. Басқарма үшін кадр тапшылығы бірінші кезектегі мәселе болып тұр. Біздің өңірге кемі 12 инфекционист-дәрігер қажет. Қазір саны оннан астам сала маманы қызметте жүр. Дәрігерлер қатарын толықтыру жайлы өтінішіміз министрлікке жолданды.
Денсаулық сақтау саласының кемшін тұсы бұл ғана емес. Дәрі-дәрмек ісінде де олқылықтар байқалады. Импортқа тәуелділік бар. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88% жуық.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Марат Диханбаев