Тәуелсіз елдің төл нышандарына 28 жыл
Тәуелсіз елдің төл нышандарына 28 жыл. 1992 жылы маусымның 4-інде Мемлекеттік рәміздер бекітілді. Бұл тарихи сәт егемен елдің жадында мәңгі сақталады. Көк байрағымыз жаһан жұртына тәуелсіз елдің бет-бейнесін паш етті. Суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту дүниеге келді. Егемен елдің Елтаңбасы – қос сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың ерен еңбегінің нәтижесі. 2006 жылғы қаңтардың 6-сында Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттің әнұраны болып бекітілді. Қандай мақтаныш!
Жалпы әр ел өзінің рәміздерімен мақтанады. Алайда оның астарына үңілмей жатып, құр кеуде соғу ұят.
Тәуелсіздігіміздің басты нышаны – ту. Күллі көк бөрінің азуын айға білеген көшпенділер ұлы дала рухына тағзым етіп, туды тұмардай қасиет тұтып, қастерледі. Ол үшін жан беріп, жан алысты.
О баста Мемлекеттік тудың байқауына 600-ден аса адам қатысты. 1 200 нұсқа ұсынылды. Шұғылалы күн, қалықтаған қыран мен ұлттық өрнек және көк мата. Көптің көкейінен осы ту орын алды. Көркіне көз сүйсінер көк байрақтың авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Ұлы даланы мекендеген халық көк аспанды, ғарышты құрмет тұтады. Сондықтан көк түсті болды. Біз табиғаттың перзентіміз. Біздің санамыз – ғарыштық сана. Көк –халқымыздың ең жақсы көретін символы. Күннің көзі жерді қалай сүйетін болса, әрбір қазақ жерді солай сүю керек. Жерді сүю – Мемлекеттік рәміздерін сүю.
Құндылықтардың негізі қиындықтармен құйылғаны белгілі. Астарына үңілгенде мән беретін, көпке көрсеткенде сән беретін ерекше елтаңба жасап шығару маңызды міндетке айналды. Сол үшін таңбаны таңдарда таңды таңға ұрған талай тартыс болды. 245 адам жоба ұсынды. Солардың ішінен Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың ортақ идеясы суырылып шықты. Қанатты пырақ, киелі шаңырақ кездейсоқ таңдап алынбаған.
Жандарбек Мәлібеков, ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы:
- Елтаңбаның ортасында тұрған қара шаңырақ керегең кең, босағаң берік болсын дегенді білдіреді. Ал шетіндегі тұлпарлар Отанды қорғау деген сөз. Шаңырақтың жан-жағында таралып тұрған 72 уық бар. Сол 72 уық – біздің көпұлтты халық екенімізді білдіретін элемент.
Бүгінде елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында бейнеленген. Туу туралы куәлік, жеке куәлік пен аттестаттар және тағысын тағы. Ол дегеніміз – тәуелсіз елдің әр тұрғыны мемлекеттің азаматы саналады. Яғни қорғауына алынған.
Елімізді елтаңбамен қатар әлемге танытқан және бір нышанымыз – әнұран. Композитор Шәмші Қалдаяқовтың, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің және Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 6 қаңтарда гимн болып бекітілді. Осылайша жаңа әнұран 2006 жылдың 11 қаңтарында Президентті салтанатты ұлықтау рәсімінде алғаш рет шырқалды.
Ту, елтаңба және әнұран. Бұл мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығын, ең бастысы тәуелсіздігін айғақтайтын құнды белгілер. Әр нышанның астарында баба дәстүрін бағалаған тағылым жатыр. Барымызды бағамдап, жоғымызды түгендейтін уақыт сынына жеткен бүгінімізде бабадан қалған бағалы мұрағаттарды сақтай білейік, ағайын.
Авторы: Бірлік Берікұлы