Елордада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шара ұйымдастырылды
«Мемлекеттік рәміздер» алаңынан басталған 28 шақырымдық шеру Есіл өзенінің жағалауында аяқталды. Осылайша белсенділер қала тұрғындарын бір серпілтіп тастады.
28 автокөлік пен 28 мотоцикл. Көк байрақпен безендірілген көліктер мерекенің ажарын ашқандай. Автошеруге дәл осы санның таңдалуы бекер емес. Өйткені биыл Мемлекеттік рәміздерге 28 жыл толып отыр.
Аян Ерментаев, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:
- Шараның өзі бірнеше сатыдан тұрады. 28 көлік, 28 мотоцикл 28 шақырымды жүріп өтетін болады. Осыдан соң суда жүзетін автокөліктермен 28 км суды басып өтетін боламыз. Бұл шараға 100-ге жуық қаланың тұрғыны мен волонтер атсалысатын болады.
Алайда ұсынылған 100-ге жуық көліктің жартысына жуығы іріктеп алынған. Әуелде атсалысуға ниет білдірген жастардың қатары көп болған. «Көшеде кептеліс болмас үшін барлығын қатыстыру мүмкін емес», – дейді ұйымдастырушылар. Мереке қарсаңында жастар жағы ерлікке тағзым етуді де естен шығармады.
Дәулет Кәрібек, Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
- 9 мамыр кезінде карантин, төтенше жағдай болғандықтан, жастардың көбісі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне гүл қою жұмыстарына қатыспаған болатын. Осы 28 шақырым жерді жүріп өтіп, Жеңістің 75 жылдығына орай «Отан қорғаушылар» алаңына барып, гүл қою іс-шараларын да жасайтын боламыз.
Шара соңында авто және мотошерушілер естелікке суретке түсті. Келер жылы да басқосуға уәделесті.
Авторлары: Азамат Әбілқайыр, Аян Сәрсенбаев, Әділқазы Төлеміс