Атырау су арнасының құрылысы 17 жыл бойы аяқталмаған
Мәселен, Атыраудағы Дренаж жүйесін бір жобаға келтіру мәселесі әзір шешілетін емес. Арнаның қоқысқа толғанына да талай уақыт өтті. Кезінде 1,5 млрд теңгеге салынған бұл арна жерасты суларын азайтуды көздеген еді. Алайда 17 жыл өтсе де, жаңалық жоқ.
Асланбек Шығыров, тілші:
- Ерік Мостовой дренаж каналы дәл осы жерден басталады. Көріп тұрғандарыңыздай, Жайық өзені деңгейінен төмен жатыр. Ұзындығы 15 шақырым болатын бұл канал кезіндегі жөнсіз жоспардың кесірінен бүгінде сасық суға, одан қалса қоқысқа толған. Жаз шықса, осы маңдағы тұрғындардан да күй кетеді. Маса көбейеді. Қажыған жұрт қағынып шаршайды.
Өзекті жағалай қонған тұрғындар күрмеуі қиын күрделі мәселенің оң шешімін күтеді. Себебі қыста қар мен жауынның суын жинайтын, жазда маса-сонаның ордасына айналған батпақты арна титықтатыпты.
Гүлзада Ниетқалева, қала тұрғыны:
- Ерик Мостовой каналының маңындағы тұрғындар осы күні жаз шықпаса екен деп тілейтіндей халге түсті. Себебі сасық су мен қоқыс иісі қолқаны қабады. Одан қалса, масаның мекеніне айналады. Бұл тұрғындар үшін өзекті. Сондықтан тезірек шешілсе екен дейміз.
Бұл дренаж каналының жоспар бойынша мақсаты басқа болатын. Ертедегі Ерік Мостовой деп аталған бұл өзектің тармағы тереңдетілуі керек еді. Осылайша ондағы су ауаны салқындатып, микроклиматты қалыптастыруы арқылы тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу көзделген еді. Алайда сала мамандары бұл жоспардың жөнсіз екенін айтады.
Едіге Сабуров, гидрогеолог:
- Біздің жеріміз Жетісудың жеріндей самал жел, көгалданып тұрса, онда ызғар білінген болар еді. Мұндағы ұйытқыған жел мен күннің көзі, судың микроклиматтық өзгеріске түк пайдасы жоқ. Соншама қаражатқа қаншама пәтер, қаншама мектеп салуға болар еді.
Мамыр айында аталған өзекті тазарту жұмыстары басталыпты. Бірақ атыраулықтардың бас ауруына айналған дренаж жүйесін бір жобаға келтіру проблемасы әзір шешімін табар емес. Жергілікті билік өзекті көміп, веложол салуды жоспарлаған. Алайда бір кезде миллиардтаған қаржы жұмсалған жобаның бұлай аяқсыз қалуы қала тұрғындарының көңіліне қаяу салары анық.
Авторлары: Асланбек Шығыров, Амантай Мәтенов