Ақтөбеде бақылау тобы кәсіпкерлік нысандарды аралады
Бұған санитарлық дәрігерлер, қоғам белсенділері және полицейлер көз жеткізді.
Бақылау тобы қаладағы сауда орындарында бетперде режимі мен өзге де талаптың орындалуын тексерді.
Кезекті рет тексеруге шыққан бақылау тобының мүшелері әдеттегідей жұмысын сауда үйлерінен бастады. Сатушылар мен тұтынушылар бетперде киген және өзге де қорғаныш құралдарымен қамтылған. Дегенмен сауда орындарына ортақ талаптың барлық жерде бірдей сақталмайтыны белгілі болды. Мәселен, шағын маркетке келушілердің дене қызуын өлшейтін тепловизор тек тексеруші топ бас сұққанда ғана қолданыла бастады. Температура көрсеткішін тізетін журнал да болмай шықты.
Бижан Қалмағанбетов, бақылау тобының мүшесі:
- Тексеру барысында көптеген кемшілік анықталды. Жалпы біздің жедел топтың басты мақсаты – халықты сақтандыру. Бірақ ол қазіргі карантинге байланысты. Тексеру аясында 40-қа жуық шағын және орта мекемеге айыппұл салынып, қатаң ескерту жасалды.
Келесі дүкенде де сатушының қызаруына тура келді. Не бетпердесі, не қолғабы болмады. Сөре астында сақталған зарарсыздандыру құтысы да әлдеқашан бітіп қалған. Ал аумақ тар болғандықтан, тұтынушылардың арақашықтықты сақтауы мүмкін емес.
Асқар Көкеев, облыстық Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
- Шағын дүкендерде режимнің сақтала бермейтіні байқалады. Мәселен, арақашықтықты сақтауға септігін тигізетін жолақтар көп жерде жоқ. Тепловизорларды да үнемі қолдана бермейді.
Бақылау тобының мүшелері қоғамдық көліктерге де мініп, тасымалдаушыларға қойылған талаптың қаншалықты сақталып жатқанын көрді. Бірақ ірі супермаркеттер мен шағын базарларға бетпердесіз кіргізбейтіндей тәртіп мұнда байқалмады. Автобуста тексерушілердің барын білген кейбір жолаушылар медициналық маскаларын сөмкелерінен алып, тағып жатты. Ал көпшіліктен жеке бастың гигиенасын сақтауды талап етпеген көлік жүргізушісі мен көмекшісіне қатаң ескерту берілді.
Бұл түрлі сала өкілдерінен құралған топ мүшелерінің кезекті тексеру жұмысы ғана. Әлемді жайлаған қауіпті вирустың жергілікті жерде кеңінен таралуына тосқауыл қою үшін сақтық шаралары жалғаса бермек. Бүгінге дейін мыңнан астам кәсіпкерлік нысандары тексеріліп, кемшілік табылғандарына ескерту берілген. Ал қайта анықталса, қомақты көлемде айыппұл салынбақ.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Әйбек Даутов