Хабар телеарнасы

СҚО-да 276 отбасы баспаналы болды

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан зардап шеккен 276 отбасы баспаналы болды. Қоныстойын тойлағандардың бірі – Светлана Корабельникова. Оның Прибрежное ауылындағы үйі суға кетіп «апатты» деп танылды. Енді ол отбасымен бірге аудан орталығы Бескөлде тұратын болады. Оларға қор қаржысына жер үй сатып алынды. Жалпы облыс бойынша техникалық тексерістен кейін 1720 үй тұруға жарамсыз деп танылған.

Алма Нұрғалиева, тұрғын үй комиссиясының төрағасы:
-Қазір қорға 47 құжат жолданып, тіркеуден өтіп жатыр. Бүгін-ертең ақшасы аударылады. Өтініш беруші үйді өзі табады. Баға әртүрлі. Мысалы, аудан орталығы бойынша бес жылдан аспаған баспананың бір шаршы метрін 283 мың теңге деп белгіледік.

Ал Ақтөбеде 31 отбасы қоныстойын тойлайды. Баспана кілттерін Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев табыс етті. Вице-премьер тасқын су салдарын жоюға бағытталған жұмыстарды қадағалау үшін өңірге арнайы барған. Еске салсақ, Ақтөбе облысында 4691 үй су астында қалып, 992-сі апатты деп танылды. Жоспарға сай 475 баспана сатып алынса, 517 үй жаңадан тұрғызылады. 

Жарқын Қалаубаева, қала тұрғыны:
-Менің үйім мен судың ортасы 10-ақ метр болып тұр. Үй құлап, жарылып-жарылып құлауға келіп тұр. Маған үй береді деп ойлаған жоқпын. Сол жыртығыңды бітеп ал дейтін шығар деп едім. Мынаны айтқанда ол жерде де жылап алдым. Әлі көз жасымды тия алмай жүрмін. Рақмет көп-көп.