Ел өңірлерінде карантин талаптары күшейтілді
Бұл туралы санитар мамандар мәлімдеді. Олардың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 2 бүлдіршін ауырып қалған. Осыған байланысты залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, байланыста болған адамдар бақылауға алынды. Жалпы бүгінге дейін облыс бойынша 10 бала дертке шалдыққан. Солардың бірі Тоқыш ауылында тіркелді. Қазір осы және Жаңажол елді мекендері мен Тайынша қаласы жабық. Ал ауруханада 48 адам емделіп жатыр. Біреуінің жағдайы ауыр.
Батыс Қазақстан облысында 967 адам қауіпті кесел жұқтырған. Оның ішінде 14 жасқа толмаған балалар саны – 48. Шектеу шараларын енгізу жөніндегі қаулыға сәйкес барлық мектепке дейінгі балалар ұйымы, демалыс саябағы, ойын-сауық нысандары, кинотеатрлар, сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлер мен діни нысандар қызметін тоқтатады. Түрлі деңгейдегі жиналыстар, семинарлар мен конференциялар бейнебайланыс жүйесімен өткізілмек. Сол арқылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің 80% қашықтан жұмыс істеу тәсіліне ауыстыру белгіленді. Облыстың барлық ауданында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі тіркеліп отыр. Мамандар мұның себебін тұрғындардың санитарлық талаптарды орындамауымен байланыстырады.
Баянауыл ұлттық паркіндегі барлық демалыс орны жабылады. Ауданның мемлекеттік санитарлық дәрігері туристік маусымның нағыз қызған шағында осындай шешім қабылдады. Шектеу шаралары маусымның 15-інен 16-сына қараған түні сағат 00:00-ден бастап енгізіледі. Сонымен қатар Жасыбай, Сабындыкөл, Біржанкөл және Торайғыр көлдеріне шомылуға тыйым салынады. Жергілікті билік демалушылардың коронавирус инфекциясын жұқтырып алу тәуекелі жоғары екенін алға тартып отыр.