Павлодар облысында коронавирус жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті
COVID-19 Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларымен қатар Павлодар, Ақтоғай және Баянауыл ауданының тұрғындарынан анықталып жатыр. Науқастар дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, жөтел, мұрынның бітуіне шағымданған. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов та осы диагнозбен ауруханаға түсті. Денсаулығы сыр берген шенеуніктің коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Онымен байланыста болған барлық адам анықталып, тексерістен өткізіліп жатыр.
Қарағанды облысындағы кен орындарының бірінде 33 қызметкер COVID-19 дертін жұқтырды. Қауіпті індетке шалдыққандар кезекті вахталық жұмысқа жөнелту алдында жүргізілген тест қорытындысы бойынша анықталды. Осыған байланысты кәсіпорын жұмысы маусымның 19-ына дейін тоқтатылды. Мұнда қазір залалсыздандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Ал вирус жұқтырғандар түгел оқшауланып, олармен байланыста болғандар анықталды. Компания басшылығының мәлімдеуінше, жұмысшыларға жалақы еңбек туралы заңға сәйкес төленеді. Мұнда бүгінгі күні 470 адам жұмыс істейді.
СҚО-да тағы бір ауыл карантинге жабылды. Ақжарқын елді мекенінде бес адам ауру жұқтырған. Өңірде жұқпалы дерттің таралуына байланысты карантиндік тәртіп күшейтілді. Қоғамдық көліктерге шектеу қойылды. Ірі сауда үйлерінің жұмыс уақыты қысқарды. Енді олар кешкі 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Санитар мамандардың айтуынша, адамдар арасында қарапайым талаптар сақталмайды. Бұл – аурудың белең алуына басты себеп.
Семейде арнайы құрылған мониторингтік топ қоғамдық тамақтану орындарын тексеру кезінде 11 заңбұзушылық анықтаған. Оның алтауына ескерту жасалса, қалған бес іс бойынша хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Қазір қалада қауіпті дертке жұрттың селқос қарауы жағдайды күрделендіріп отыр. Облыстағы тіркелген науқастардың 66% осы шаһарға тиесілі. Арнайы тексеруге шыққан мониторингтік топ үстелдер санын екі есе азайтып, санитайзерлер қою сияқты ережелердің сақталмайтындығын анықтады. Тіпті жиын-той өткізіп жатқандар да бар.