Қостанай облысындағы үш бағытта блокбекеттер орнатылады
Осыған байланысты үш бағытта блокбекеттер орнатылады. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың мүшелері осындай шешім қабылдады. Карантин талаптарын қатаңдатуға не түрткі болды? Облыста тағы қандай шектеу шаралары енгізіледі?
Данияр Сұлтан, тілші:
- Мұның бәріне өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығып кеткені себеп. Бір сөзбен айтсақ, тұрғындар санитарлық талаптарды сақтамайды деген тоқтамға келді. Осының салдарынан облыста коронавирус жұқтырғандар саны өсіп отыр. Мысалы соңғы бес тәулік ішінде 49 адам дертке шалдығыпты. Қауіпті індет бұрын-соңды тіркелмеген Арқалық, Амангелді, Жангелдин сияқты оңтүстік өңірлерге де тараған.
Араға тура бір ай салып, облыста блокбекеттер қайтадан пайда болады. Түнгі 00:00-ден бастап Қостанай-Рудный, Қостанай-Әулиекөл-Сұрған және Арқалық-Амантоғай жол бағыттарында үш санитарлық бекет орнатылады. Сол жерлерге арнайы бетон блоктар жеткізілді. Әзірге жол ашық. Автокөліктер еш кедергісіз қозғалып жатыр. Облыстың Бас санитар дәрігері баспасөз өкілдерімен брифинг өткізген. Жаңа қаулыда енгізілген шектеу шаралары жөнінде Владимир Нечитайло былай деді.
Владимир Нечитайло, облыстың Бас санитар дәрігері:
- Аттракциондар, караоке-бар, боулинг, тату, массаж салондарының қызметі уақытша тоқтатылады. ХҚКО, сұлулық салондары, дүкендер, базарлар мен білім беру орталықтарының жұмысы қысқартылады. Мемлекеттік қызметшілердің 80% қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылады. Шектеу шаралары 30 маусымға дейін жалғасады.
Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда бұрын енгізілген карантиннің босаңсуы жойылады. «Облыс сәуір айындағы күшейтілген карантин жағдайына қайта оралады», – деп қосты Бас санитар дәрігер. Айта кетейік, аймақ бойынша қазір коронавирус инфекциясына шалдыққан 247 адам тіркелген. Оның 186-сы емделіп шыққан.