«Біз біргеміз» телемарафоны: Марапатқа лайық мамандардың еңбегі таныстырылды
Тікелей эфирдің аясында карантин кезінде алдыңғы шепте жұмыс істеген мамандар студияға келді. Олардың қатарында полиция қызметкерлері мен журналистер, волонтерлер да бар. Сын сағаты туғанда сынаптай сырғып кетпей, тапжылмай қызмет еткен сол азаматтар біздің арнамызға сұхбат берді. Қызмет барысындағы ерекше сәттерімен қатар, мәселелерімен де бөлісті. Бірақ келген қонақтар қатаң тексерістен өткізіліп барып, студияға жіберілді. Себебі сақтық бірінші орында.
Рауан Бимақанов – СҚО тәртіп сақшысы. Осы аймақтың тыныштығына жауапты. Карантинге байланысты қазір қатаңдатылған режимде жұмыс істеп жүр. Көзге көрінбейтін кеселге тойтарыс беру үшін тыным таппайды.
Рауан Бимақанов, «Айдауылдау» взводының қызметкері:
– Осы вирус уақытында адамадардың тәртібін қадағалап жүрдік. «Қайда бара жатырсыздар?» деп, анықтамаларын сұрататынбыз. Вируспен бетпе-бет кездестік. Сонда да өзіміздің міндетімізді атқардық. Берілген бұйрықты орындаймыз.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Рауан мен оның қызметтегі достары кездейсоқ келген жоқ. Телемарафонға әдейі шақыртылды. Қатардағы жауынгер өз ісіне адал. Өзгеге үлгі бола білді. Ізгі қасиеттерінен бөлек, өнерден де кенде емес. Ән айтуға бейім екен.
Студияға тәртіп сақшыларынан бөлек, залалсыздандыру ісімен айналысатын мамандар да келді. Әр қызметкер өз ісінің қиындығымен бөлісті. Айтпақшы, шақыртылған қонақтар арақашықтық пен сақтық шараларын ұмытқан жоқ.
Әсел Тұрсынғанзина, продюсер:
– Студияға кірген барлық адамның ыстығын, қызуын тексеріп отырдық. Бәріне антисептик сеуіп, былайша айтқанда санитарлық шаралар тіпті студияның өзінде қатаң сақталды. Өйткені онсыз болмайды. Індет ушығып тұр.
Бірлік Берікұлы, тілші:
– Мұнда тікелей эфир өтуде. Телемарафон. Сондықтан ақырын сөйлеуімізге тура келеді. Айта кетейік, телемарафон таңғы 09:00-ден түскі 14:00-ге дейін жалғасады. Онда алғы шепте тер төгіп жүрген дәрігерлер мен қатар полиция қызметкерлері және журналистер студияға қонаққа шақыртылды. Осы түсірілім тобы, жалпы осы жұмысты атқаруға 30 шақты адам жұмылдырылған. Менің ерекше атап өткім келетіні, көрерменнің көзіне айналған осы операторлар. Жұмысын сіздер көріп жүрсіздер. Ал өздерін танымайтын шығарсыздар. Солардың біреуімен танысып көреміз. Марат Диқанбаев – білікті операторларымыздың бірі.
Марат Диқанбаев, «Хабар» арнасының операторы:
– Көбіне түсірілімге далаға шығамыз. Әсіресе мынау карантинге байланысты кейінгі түсірілімдеріміздің барлығы дерлігі блокбекеттер мен емханаларда болды. Әрине, қауіпті. Бір жағынан бойыңды үрей билейді. Бірақ медициналық қолғап және бетперде киіп, тәуекелге бел буып, жұмыс істеп жүрміз.
Телемарафонды түсіруге жеті оператор жұмылдырылған. Одан бөлек, ұйымдастырушы топтың қызметкерлері мен эфир жүргізушілері бар. Тікелей түсірілім екі тілде өтті.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Жандос Сұлтанғазы