Шамалған ауылының тұрғындары сервистік әкімдік үшін ризашылығын білдірді
Тұрғындар әкім мен мемлекеттік мекеме басшыларының қабылдауына бармай-ақ «онлайн бұрыш» арқылы қажетті сұрақтарына жауап алады. Ал карантин кезінде осы қызметке жүгінушілер қатары көбейіпті.
Гүлзинат Өтежанова онлайн қызмет алу туралы көп ойланбаған тұрғындардың бірі еді. Бірақ шешімін күткен мәселесі көбейді. Электрондық цифрлық қолтаңба алу үшін аудан орталығына бару керек. Оған уақыт пен қаржы жұмсалады. Ең дұрысы: өз ауылындағы сервистік әкімдікке барып, «онлайн бұрыштың» көмегіне жүгіну. Мамандар кеңсеге келген әр адамға қажетті кеңес береді.
Гүлзинат Өтежанова, ауыл тұрғыны:
- Компьютерден өзім үйреніп алдым. Кезекте тұрып әуре болмаймыз. Уақытымызды да үнемдейміз.
Фируза Жұбаниязова, ауыл тұрғыны:
- Мен eGov бұрышына анықтамалар үшін келгенмін. Мұндай тез қызметті біз ХҚКО-дан да ала алмаймыз. Рахмет!
Онлайн қызмет көрсету бұрышында дербес компьютер орнатылған. Ауыл тұрғындары аудан әкімдігінің кез келген маманымен тікелей эфир арқылы дидарласа алады. Сұрақтарын қойып, өтініштерін айтады. Жалпы Шамалған ауылдық аймағындағы халық саны 20 мың болса, соңғы 3 айда осы қызмет түріне 5 мың адам пайдаланған.
Ержас Тоқтасынов, Шамалған ауылдық округінің әкімі:
- Карантин кезінде ауылдық округте 2,5 мыңнан аса адам 42500 тг алуға ұсыныстарын білдіріп, жәрдемақыға қол жеткізді. Одан бөлек АӘК алу үшін 4 мыңға жуық тұрғын жүгінді. Қазіргі таңда барлық көмек ауылдық округ тарапынан көрсетіліп жатыр.
Қазір ауыл тұрғындары осындай онлайн қызметтің оң нәтижесін көруде. Кезек күту деген жоқ. Уақыт та үнемделеді. Ең бастысы, ауыл тұрғындары ғаламтормен жұмыс істеуді үйреніп, мемлекеттік қызметтің заманауи үлгісін меңгеруде. Дәл осындай «онлайн бұрыштар» Қарасай ауданындағы барлық ауылдық округ әкімдіктерінде ашылып, іске қосылды.
Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев