Ресейден келген дәрігерлер Нұр-Сұлтандағы ауруханаларда ем жүргізеді
Қазірдің өзінде олар баратын орындар анықталды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологтар, реаниматологтар және анестезиологтар Нұр-Сұлтан қаласындағы емдеу орталықтарына бөлінгенін хабарлады. Сондай-ақ мамандық иелеріне зәру болып отырған елді мекендерге де барады. Олар жергілікті мамандарға кеңес берумен шектелмейді. Өздері де ем-дом жүргізіп, науқастарға көмек қолын созады.
Пандемия кезінде көптеген елдің дәрігерлері бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Емдеу үлгісімен бөліседі, тәжірибе алмасады. Мысалы біздің елдің мамандары да кезінде Хубей аймағында болып, Ухань қаласының тұрғындарын емдеуге атсалысқан. Ресей Денсаулық сақтау министрінің орынбасары бастап келген делегацияны қарсы алған қазақстандық әріптесі Марат Шоранов білікті мамандардың тәжірибе алмасуы қауіпті індетпен күресте өз нәтижесін беруі тиіс деп есептейді.
Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
- Екі жақты тәжірибе алмасу деңгейі жоғары болады деген үміт басым. Еліміздің батысы мен оңтүстігінде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Сондықтан пациенттерді емдеуде әдістемелік кеңестер айтылып, ортақ проблеманы шешу үшін күш жұмылдырамыз.