Жасыбай демалыс аймағы еуропалық үлгідегі қызмет көрсетуге көшіп жатыр
Биыл Баянауыл ұлттық паркінде жаңа маусым ашылған жоқ. Күніне кем дегенде 1 млн теңге кіріс әкелетін қонақүйлер жабық тұр. Бұған аудан тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның таралуы себепші болды. Бастапқыда наразы болғандар да табылды. Дегенмен, ел басына түскен қиындықты түсіністікпен қабылдап, өз жұмыстарымен айналысып жатқандар баршылық.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
– Жасыбайдың жағасында мүлгіген тыныштық. Бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс. Әдетте жаз мезгілінде жағалауларда ине шаншитын орын болмайтын. Биыл, мінеки, барлық демалыс аймағы жабық тұр. Кәсіпкерлер болса шығынға белшеден батқандарын айтады.
Константин Вальтер, кәсіпкер:
– Біз бұл індетті бірге жеңеміз деп ойлаймын. Биыл жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Бірақ келесі жылы жағдай жақсарады деген үмітім бар. Біз халыққа еуропалық үлгідегі, өте жоғары деңгейлі қызмет түрлерін ұсынбақпыз. Қазір қонақүйлеріміз бос тұр. Бірақ адамдардың жоқтығын барынша тиімді пайдаланып, әрлеу, жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттік. Адам аяғының азаюы табиғатқа оң әсерін тигізіп жатыр. Жасыбай көлінің суы тазарды. Сирек кездесетін құстар ұшып келіп жатыр. Балапандарын ерткен үйректер жағалауда жүзіп жүр. Біз оларды қолдан тамақтандырамыз. Былтыр олай болмаған.
Константин Вальтер Екібастұздың көмір кеніштерінде еңбек еткен. Кейін инженерлік компания құрды. Соңғы 5 жылда кәсіпке ден қойған ол Баянауылда заманауи демалыс аймағын салды. Ол туризмді дамытуға 2 млрд теңгеден аса қаржы құйған. Жасыбай демалыс аймағы бүгінгі күні қарқынды құрылыс алаңына айналған. Туристерге еуропалық үлгіде қызмет көрсететін бірнеше дәмхана пайда болды. Ең бастысы, бизнес өкілдері өтпелі кезеңге түсіністікпен қарап отыр.
Сұлтанбек Сләмов, кәсіпкер:
– Осы жерге еңбек тауып, пайдасын көреміз деп келіп едік. Бірақ індет болып жатқаннан кейін оның бәрін өтуге тырмысып, халқымызбен бірге болуымыз керек. Бүгінгі таңда жай отырған жоқпыз. Жұмыстарды істеп, құрылыс материалдарын әкеліп, дайындалып, өзгерістерді ендігі жылға жоспарлап жатырмыз. Пайдасын көруге әлі уақыт болады ғой. Халқымыз аман болсын.