Отырар ауданының шаруалары әлі күнге дейін ағынсуға зар болып отыр
Тіпті кейбір тұрғындар үй іргесіндегі бақшасын суғара алмайды. Бұл мәселеден ауыл әкімі де, аудан басшысы да хабардар. Бірақ түйткілді шешуге асықпайды. Өйткені олардың өз уәжі бар.
Бұл – тіршілік нәрінен тарығып, шөліркеген Отырарлық шаруалар. Ала жаздайғы еңбегі еш, бейнеті бос кеткен диқандар біздің арнаға хабарласып, жанайқайын жеткізбек болған еді. Алайда карантинді сылтауратқан жергілікті тәртіп сақшылары қайдан естігені белгісіз, сау ете қалды. «Үш адамнан артық жиналуға болмайды» деген сылтаумен шаруалардың базынасын айтуына мұрша бермеді. «Сіздерді кім шақырды, неге жүрсіздер?», – деп бізді де сұрақтың астына алды. Тәртіп сақшысының міндеті – карантин талаптарын түсіндіру. Жұмысқа кедергі келтіру еместігін ескерткеннен кейін ғана сырттан бақылап тұрды. Алайда шошынып қалған ауыл тұрғындарының кейбірі мәселесін айтудан бас тартса, шыдамы таусылғандарын тоқтату мүмкін болмады.
Жақсыбек Исаев, шаруа:
- Менің еккен жүгерілерім шықпайды, қурап кетті. Себебі биыл су мүлде жоқ.
Сәбит Жанпейісов, шаруа:
- Мына жүгерінің қазір егілгеніне 80 күн болды. Бір су ішпеген әлі. Топырағы шығып жатыр. Су ішпеген соң ешқандай мал да жемейді.
Қазір Қарғалы ауылдық округіне қарасты Отырар ауылында 150 гектардай жүгері, 60 гектардан астам жоңышқа дақылы ағынсудың тапшылығынан қурай бастаған. Су ішпеген жүгерілердің бойы өспей қалған. Ауыл тұрғындары өзі қасқалдақтың қанындай кішкентай суға жол-жөнекей мотор қосып, тартып алатын дөкейлердің де бар екенін айтады. «Бірақ оны қадағалап, ешектегілер де су ішсін, олар да ақшасын төлеп жатыр ғой дейтін адам жоқ», – дейді ашынған диқандар. Бұл мәселеден ауыл әкімі де, аудан басшысы да хабардар екен.
Күлзина Әуелбекова, Отырар ауылының тұрғыны:
- Ауданға барғанмен: «Әкімің бар», – деп бізді қабылдамайды. Ал әкіміміз ауданнан шыға алмайды. Біз сияқты халық шығынға батып отырады. Әкім сайланғанда ауылға кеп жиналыс жасаған. Су жоқ деп халық айтып еді: «Еге беріңдер, біз сумен қамтамасыз етеміз», – деді жаңадан сайланған аудан әкімі. Әкім айтқан соң жұрт соған сенді. Әкім сайланып алды, бірақ су жоқ.
Әбдіғали Жүнісов, Отырар ауданының әкімі:
- Қыста қардың аз болуы, жауын-шашынның болмауының салдарынан шаруаларға ескертіп айтылды. Су тапшы болады. «Сондықтан су аз ішетін дақыл немесе ерте пісетін дақыл егіңіздер», – деп айтылған болатын. Алайда шаруалардың жыл сайын істейтін кәсібі болған соң, жүгерілерін екті. Келген судан басқа су жоқ.
Егіс алқабын былай қойғанда, Отырар ауылының тұрғындары бақшасына еккен азын-аулақ көкөнісін суғара алмай отыр. Арықта су болмағандықтан, құдықтан шелекпен тасып қоюға мәжбүр.
Жүсіп Мейірманов, Отырар ауылының тұрғыны:
- Бала-шағамыз бар, соған кішкене картоп егеміз. Соның өзіне су жоқ. Мынау құдықпен шелектеп, тасып құямыз.
Мән-жайды өзінен білейік деп, Қарғалы ауылдық округінің әкімі Есенбай Шынтерековті жұмыс орнына іздеп бардық. Шаруалардың шағымын жеткіздік. Тілшілер мен шаруаларды жолықтырмаудың амалын жасаған тәртіп сақшыларын кім жібергенін сұрадық. Алайда ауыл әкімі жергілікті учаскеде бір ғана полицейдің жұмыс істейтінін айтып, әлгі топырлаған тәртіп сақшыларын кім жібергенін білмейтінін айтып, ат-тонын ала қашты. «Ал ағынсудан проблема жоқ», – деді.
Есенбай Шынтереков, Отырар ауданы Қарғалы ауылдық округінің әкімі:
- Су ішпедік деген екі-үш шаруашылық қана болды. Соған қазір 2-3 күн болды, су келіп жатыр. Бірақ қураған бірде-бір гектар жер жоқ.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауыл ішімен өтетін арықты ауыл әкімі қоршап алған. Су Есенбай Шынтерековтің шарбағы арқылы өтеді. Әкім қоршап алған жерге дейінгі арық кең қазылған. «Бар мәселе әкімнің шарбағына келгенде басталады», – дейді ауыл тұрғындары.
Ал ағын судың азабын тартып, шығынға шаш етектен батқан шаруалардың ендігі жағдайы не болары әзірге белгісіз.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш