Хабар телеарнасы

Атырауда су тасқынынан зардап шеккен шаруаларға өтемақы беріледі

Атырау қаласының іргесіндегі 160 гектар орман алқабы көктемгі тасқыннан зардап шеккен. Отырғызылған мыңдаған ағаш 2 айға жуық суда қалды. Бұған қоса 34 шаруа қожалығының мүлкі бүлінген еді. «Шығын өтелмей жатыр» деп шырылдаған шаруалардың өтініші қаралып, өтемақы берілетін болды. Құжат қабылдау желтоқсан айына дейін жалғасады. 

Бұл – қала іргесіндегі Соколок каналының бойында орналасқан орман алқабы. Жасыл аймаққа айналады деген аумақтағы ағаштар түгелдей суға кетті. 2 айға жуық уақыт суда тұрған өскіндердің тамыры шіріп кеткен. 2018 жылдан бері отырғызылған ағаштардың қазір пайдаға асары жоқ. Жер кепкеннен кейін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал шығын көлемі есептелуде.

Жаңбырбай Мұқанғалиев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі мемлекеттік мекемесінің инженері:
-2 метрдей су көтерілді осы жерде. 2 метрдей. Түгел жеріміз судың астында қалды. Қалған жерлер, шамалы жер қалды. Арғы жағында 30 гектар жер қалды. Қоршау салып қайтадан бәрін түзеп жатырмыз. Тал егіліп жатыр бұл жердің бәріне. 160 гектардай жер судың астында қалды. Әлі кеппей жатқан жер бар. 80 гектардың жартысы әлі кепкен жоқ.

Орман алқабы ғана емес, қала іргесіндегі 34 шаруа қожалығы да суға кетті. Тасқын кезінде төрт түлігін қырға айдап үлгергенмен, шаруалардың үйі мен қорасын су шайып кетті. «Бұған дейін олар жылжымайтын мүлік шығыны өтелмей жатыр» деп дабыл қаққан еді. Бүгін жергілікті билік өкілдері бұл мәселенің шешілетінін жеткізді.

Нұрдәулет Жұмасейітов, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
-Атырау облысы бойынша 75 шағын және орта кәсіпкерлік, яғни шаруа қожалықтарының алдын ала реестрі жасақталды. Бұл Атырау қаласы, Махамбет ауданы және Жылыой аудандары бойынша. Жалпы өтінімдер қабылдау ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.

Бұдан бөлек тасқыннан зардап шеккен диқандарға да өтемақы беріледі. Қазір 112 өтініш қанағаттандырылған.

Азат Қапанов, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
-Жалпы көлемі 1 млрд 112 млн теңгені құрап отыр. Бұл қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Ендігі осы қазан айынан бастап өтелетін болады.

Көктемгі тасқын кезінде 850 гектар егістік су астында қалды. «Жауаптылар мал шығыны да өтеледі», - дейді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов