Елімізде ерлі-зайыптылардың 20% арада бала жоқтығынан ажырасып кетеді
Бұл – дабыл қағатындай көрсеткіш. Бірақ ғылым дамыған бүгінгідей заманда жасанды ұрықтандыру арқылы мәселені шешуге болады. Әрине, қалтаңда қаржы болса ғана. Бірақ мемлекет келер жылдан бастап жасанды ұрықтандыруға келген жеті мың отбасының бүкіл шығынын төлеп бермекші. Бұл жеңілдікке кімдер ілінуі мүмкін?
Шынар Асанқызы, тілші:
- Біз қазір жасанды ұрықтандыру жүргізілетін зертхананың өзінде тұрмыз. Бүкіл эмбрион дәл осы жерде сақталады. Мәселен, мына тұрған ыдыстарда шамамен 25 мыңнан астам биоматериал бар. Олардың кімге тиесілі екенін құжатта қатталып, жазылып көрсетілген. Яғни бір-бірімен ауысып кетуі мүмкін емес. Ал алдағы уақытта бұл биоматериалдар қаншама жылдан бері сарыла перзент күткен аналардың жатырына орналастырылатын болады.
Кішкентай Нұрила да – осы құтыда өсіп, жетілген сәбидің бірі. Ата-анасы төрт жыл күтті. Дәрігерлер «сендерде бала болмауы мүмкін» дегенде бүкіл өмір тоқтап қалғандай болып еді. Өйткені жасанды ұрықтандыруды екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал ол кезде квота небәрі 500 адамға ғана берілетін. Бірақ соның бірі Ләйләға бұйырыпты. Қазір сол өткен күндерді ойласа, көзіне жас келеді.
Ләйлә Тұрсынқызы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мен әйел ретінде жолдасыма: «Екеуіміз екі жаққа кетейік, сен бақытыңды тап», – деп айтқан едім. Мұндай кезде мүмкін жолдасымның мықтылығы шығар, ол: «Жоқ, біз күтеміз, бізде бала болады», – деп сендірді. Осы квотаның арқасында отбасымыздың беріктігін сақтап, осындай бақытты жанұя болып отырмыз.
Президент Жолдауында «Аңсаған сәби» атты бағдарламаны қолға аламыз деді. Осы бағдарлама аясында енді бұрынғыдай 500, 1000 емес, бақандай 7000 отбасыға квота берілмекші. Яғни осынша жанның балалы болуы үшін бүкіл ақшаны мемлекет төлеп береді. Қазір елімізде әрбір 6-отбасы табиғи жолмен бала сүйе алмайды. Бұл 7000 квота теңізге тамған тамшы секілді болуы да мүмкін. Сондықтан квота алдымен кімдерге беріледі деген сұрақтың тууы заңды.
Салтанат Байқошқарова, биология ғылымдарының докторы:
- Жалпы біздің нәтижелілік денеден тыс ұрықтандыру әдісі адамның жасына, әсіресе, әйелдің жасына, ұрықтың сапасына байланысты. Неғұрлым жұбайлар жас болса, соғұрлым нәтиже жоғарылайды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік квота нәтижелі топқа беріледі.
Құтыда өсіп жетілген ең алғашқы қазақстандық сәби бүгінде 24 жастағы бойжеткенге айналды. Оның өмірге келуіне елордадағы дәл осы клиника себеп болып еді. Бұрын бұл жерге жылына жүзден асар-аспас жұп хабарласса, қазір айына 3,5 мың ерлі-зайыпты келеді. Қабылдаудың көптігі соншалық, бас репродуктологтың бізбен сұхбаттасуға уақыты тар болды. Бірақ жарық дүниеге шығуға дайындалып жатқан эмбриондарды көзбен көру мүмкіндігіне ие болдық.
Ғалымжан Үстенов, эмбриолог:
- Біз қазір дайын эмбрионды қатырып жатырмыз. Бұл эмбрион аналық жатырға салуға дайын. Сәтті болып жатса, әйел адам бедеулікті жеңіп, көптен күткен арманына жетеді.
Әрине, олардың арманына жетуіне келер жылы берілетін жеті мың квотаның да тигізер үлесі зор болмақ.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Жандос Сұлтанғазы