Биыл елімізде тұрғын үйді жалға алу 10% қымбаттады
Қалалар бойынша айтсақ, Нұр-Сұлтан көш бастап тұр. Бас шаһарда пәтер жалдау шаршы метріне 3 100 теңге болса, Алматыда бұл көрсеткіш 2 300 теңге, ал Ақтауда 2 мың теңге екен. Ал ең арзан тұрғын үйді Семейде жалға алуға болады. Шаһарда шаршы метріне орташа бағасы 1 200 теңгені құрап отыр. Келесі жылдан бастап отандастарымыз зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсау мүмкіндігіне ие болады. Бұл үй-күйсіз жүрген қанша қазақстандықтың мәселесін шешуге сеп болады. Ал тұрғын үй нарығына қалай әсер етуі мүмкін?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Уже в 2021 году 700 тысяч вкладчиков ЕНПФ смогут использовать часть своих накоплений на приобретение жилья.
Президенттің бұл сөзі елордалық Гүлшат Оспанованың жүрегінде үміт отын жаққандай. Өзі осы шаһарда туып-өссе де, әлі күнге дейін бала-шағасына жеке баспана ала алмай, қиналып жүр. Ал айлығы шайлығынан аспайтын 30 жастағы келіншектің жинағы шешіп алуға жетпейді. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаражатты беруде халықтың әлеуеті ескерілсе дейді.
Гүлшат Оспанова, жергілікті тұрғын:
- Өзімде 2 млн 100 мың теңге бар. Талап бойынша 2,5 млн теңге қалу керек. Бірақ біздей қарапайым адамдарға бұл бағдарлама келмейді. Мен сияқты астанада адамдар көп. Егер бар соманың 50% шешуге рұқсат берсе жақсы болар еді.
Былтыр ел ішінде Гүлшат секілді 320 мың отбасы баспаналы болған. Сарапшылардың пайымынша, зейнетақы қорынан үлестірілетін 1,4 трлн теңгенің негізгі бөлігін қазақстандықтар осы тұрғын үй нарығына бағыттайды. Яғни сұраныс артады. Тиісінше баспананың бағасы да қымбаттайды дейді олар.
Мақсат Халық, сарапшы-экономист:
- 771 мың адамның салымы зейнетақы қорындағы 1,4 трлн теңгені құрайды екен. Әрине, бұл аз қаражат емес. Бірақ азаматтардың барлығы да сол қаражаттың бәрін шешіп алады деген нақты шешім жоқ. Сондықтан «коронадағдарыстың құрылыс нарығына алдағы уақытта салқыны бола ма, болмай ма, қаншалықты болуы мүмкін?» деген факторларды ескере келе, жылжымайтын мүліктің бағасы нақты қанша процентке өсетінін болжап айту қиын.
Баспана бағасы Атырау, Ақтау және Алматы мен Нұр-Сұлтан секілді ірі мегаполистерде қымбаттайды. «Ал өзге өңірлерде жылжымайтын мүлік құны қатты өзгермейді», – дейді осы саланың басы-қасында жүрген мамандар. Пандемия салдарынан қазір үй сату мен сатып алу көрсеткіші күрт төмендеген. Риэлторлар: «Келер жылы сауда жандануы мүмкін. Алайда ол кезде ел ішіндегі баға қатты өзгере қоймайды», – дейді.
Ерлан Тасырбаев, Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:
- Баға аз-маз өсуі мүмкін. Оның өзі қолдан жасалуы ықтимал. Үйді сататындардың әдеті ғой. Бірінші, қымбат сұрайды. Өйткені пайдасын еселеп қалғысы келеді. Алайда сұраныс болмаса, бағаны түсіруге мәжбүр болады. Өйткені сатып алатын адам табылмаса, бағаны ұстап тұрудан пайда жоқ.
Жылмайтын мүлік нарығындағы баға келер жылы қалай құбылатыны әзірге белгісіз. Анығы еңбекке қабілетті қазақстандықтардың тек 10% ғана зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін алу мүмкіндігіне ие болады.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Айбын Құсанбек